$455.12 €498.99 ₽5.55

«Әділет» партиясының өкілдері Президент Жолдауын өңірлерде талқылап жатыр

AstanaTV
24.11.2026ж. 19:00
«Әділет» партиясының өкілдері Президент Жолдауын өңірлерде талқылап жатыр

Президент Жолдауында ел дамуының басым бағыттары айқындалды. Олардың қатарында бұқаралық спортты дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және ауылдардың тұрмыс сапасын арттыру бар. Осы міндеттерді өңірлерде талқылап жүрген «Әділет» партиясының өкілдері бұл жолы Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облысында сала мамандарымен және тұрғындармен кездесті. Толығырақ Аяулым Изатқызының материалында.

Спорт – ұлт саулығының негізі. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту, халыққа қолайлы жағдай жасау маңызды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауында да қамтылды. Шымкенттегі «Металлург» стадионында «Әділет» партиясының өкілдері спортшылармен және сала мамандарымен кездесіп, спорт нысандарын жаңарту, материалдық базаны нығайту және жастарды спортқа тарту мәселелерін талқылады.

ТАЙМАС ҚАМБАТЫРОВ,  “ӘДІЛЕТ” ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ол жердегі негізгі басты мәселеміз - келесі жылы Қазақстанды құрылыс алаңына айналдыру. Құрылыс алаңына айналдырған кезде бұл жерде бізде тек қана қалада емес, аудандарда, ауылды жерлерде жасөспірімдерді, жастарды қолдап, барлығына теңдей, бірдей мүмкіндік беру. Спорт кешендерін салу, олардың шынығуына, дамуына, олардың өсіп жетілуіне үлкен мүмкіндік жасау.

Ал Петропавлда партия мүшелері «Қызылжар су» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесіп, сумен қамту және инженерлік желілерді жаңғырту мәселелерін талқылады. Жиында ескі құбырларды ауыстыру, кәріз жүйесін жөндеу және ауылдарға ауызсу жеткізу жайы көтерілді.
Қаладағы су құбырларының ұзындығы 344, ал кәріз желілері 257 шақырымды құрайды. Соңғы 15 жылда желілерді кезең-кезеңімен жаңарту нәтижесінде құбырлардың тозу деңгейі 70 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеген.

ВЛАДИМИР КОЗЛОВ,  «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше тоқталды. Солтүстік Қазақстан облысында әлі күнге дейін орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған елді мекендер бар. Бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенемін. Ал су құбырларын жаңғыртуға келсек, оны коммуналдық тарифтерді белгілі бір деңгейде көтеру арқылы жүзеге асыруға болады. Төлемақының аздап өсуіне түсіністікпен қараған жөн. Өйткені бұл қаражат инженерлік желілерді жаңартуға, олардың тозу деңгейін төмендетуге және қызмет сапасын жақсартуға бағытталады.

Жамбыл облысының Қайрат ауылында да тұрғындармен кездесу өтті. «Әділет» партиясының өкілдері Президент Жолдауындағы міндеттерді түсіндіріп, өңірді дамыту жоспарларымен бөлісті. Алдағы уақытта облыста 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, сондай-ақ 50-ге жуық білім, спорт және мәдениет мекемесін салу көзделген. Сонымен қатар ауылдарға газ бен ауызсу жеткізу, жолдар мен инженерлік желілерді жаңарту жоспарланған. Кездесуде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі де талқыланды.

ДӘУРЕН КАИПОВ, ӘДІЛЕТ ПАРТИЯСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жуалы халқы үшін өте жақсы мүмкіндік. Себебі Президентіміз айтқандай, Еуропаға тасымалданатын жүктердің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Ал Жуалы ауданының өзі осы Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолының бойында орналасқан. Сондықтан жол мәселесі, инфрақұрылым мәселесі, сонымен қатар «Халықтық құрылыс» бағдарламасы Жуалы халқы тарапынан жақсы ықыласпен қабылдады.

«Әділет» партиясының өңірлердегі кездесулері алдағы уақытта да жалғасады. Партия өкілдері тұрғындармен жүздесіп, Жолдауда белгіленген міндеттерді түсіндірумен қатар, жергілікті халықтың ұсыныс-пікірін тыңдайды.