Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтөбеде екпеден бас тартқандар саны азаймай тұр

AstanaTV
17.04.2018ж. 20:00
3267
Ақтөбеде екпеден бас тартқандар саны азаймай тұр

Ақтөбеде екпеден бас тартқандар саны 3000-ға жуықтаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, олардың арасында діни көзқарасын алға тартатындар көп. Бүгін ақтөбелік дәрігерлер балаларына вакцина алдыруға қарсы тұрғындардың үйілерін аралауға шықты. Тұрғындарды райынан қайтару үшін жұмысы қалай жүріп жатыр? Жақсыбек Кемал анықтап көрді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Екпеден бас тартқандар саны Ақтөбе облысында 2600-ге жеткен. Олардың 75 пайызы қарсылығының себебін діни көзқарастарымен байланыстырыпты. Мамандар оларды райынан қайтару үшін үй-үйді аралауға көшкен.

Мамандар бүгін  екпеден бас тартып отырған бірнеше отбасының үйіне барып, бетпе-бет сөйлеспек болған еді. Өкінішке орай, дін жолында жүргендер олармен сөйлесуден қашқақтап, есіктерін ашпай қойды. Тіпті себебін түсіндіруге құлық танытпады.

-Причина  отказа?  Мы  имеем  право  отказаться? -Имеете. Безоговорочно. Но  мы  не  это  имели  в  виду, мы  хотели  бы  причину  обсудить. -Почему  мы  должны объяснять причину? До  свидания.

Дегенмен дінтанушылар мен дәрігерлер осындай жұмыстардың нәтиже бере бастағанын айтады. Жыл басынан бері 50-ден астам ата-ана баласына екпе жасатуға келіскен.

Мұхтар Сербаев, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:

Вакцина деген - қазіргі кездегі медицина ғылымының бір үлкен қол жеткізген, инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған іс шарасының бірі. Жоспар бекітілген. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 56 адам өз балаларына жаңадан екпелерін алуды жалғастырып, бастап кетті.

Дегенмен соңғы екі жылда екпеге қарсылардың жалпы саны өңірде 2 жарым мыңнан түспей тұр. Мамандар Ақтөбе вакцинадан бас тартқандар қатарында елде көш бастап тұрғанын айтқан болатын. Оған бірнеше себеп бар көрінеді

Светлана Есенаманова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Егер қарсы болғандардың жалпы санын алып қарасақ, оның 70 пайызы екпеден перзентханада бас тартады. Оның көбі бір отбасының мүшелері. Яғни екінші, үшінші рет сәбилі болған ата-аналар. Кейбірі егіз босанғандар. Діни және жеке көзқарастарын алға тартып, қарсы болғандардың саны қазір 80 пайызға жетіп отыр

Дәрігерлер мен дінтанушылар әр адам баласының денсаулығы үшін екпені саналы түрде алдыруы керек дейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары жалғаса бермек. Мамандар осы уақытқа дейін екпеге қарсылардың оннан бірінің ғана бетін бері қаратқан

Жақсыбек Кемал