Қызылорда облысындағы шалғай ауыл тұрғындары үшін ғаламтор қат дүние. Сондықтан олар интернет пайдаланушылары арасында ең соңғы орында. Олар да әр анықтама қағазы үшін ауданға шапқыламай, үйде отырып «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына ат салысуды қалайды. Бірақ ауылдағы интернеттің техникалық мүмкіншілігі өте төмен. Әріптесім ғаламтордың мүмкіндігін пайданала алмай отырған тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Қуаңдария - кәдімгі ауылдарға ұқсамайды. Ауыл балалары смартфон мен компьютерге әуес емес. "Интернеттен хабарымыз жоқ", - дейді төрт баланың анасы Перизат Бейсембаева. Ол үйде отырып, хат-хабар алуды армандайды. Әзірге бір анықтама үшін 125 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығына баруға мәжбүр.
Перизат Бейсембаева, Қуаңдария ауылының тұрғыны:
Балабақшаға тіркеу үшін Қармақшы ауданына барып, арнайы е-гов сайтымен тіркеуім керек болады. Біздің ауылымызда ондай мүмкіндік жоқ, интернет тапшылығының арқасында
Ауылдағы 800-ден астам тұрғынды «Қазақтелеком» интернетпен қамтамасыз етеді. Оның өзі әкімшілік пен мектепте орнатылған. Әкімнің өзі оны жылдамдығы өте төмен екенін жасырмады. Сондықтан әкімшілік мемлекеттік қызметтің тек бір ғана түрін ұсынып келеді, - деді.
Асқар Дәндесов, Қуаңдария ауылдық округінің әкімі:
Көрсетілетін қызметтер ішінен бір түрі - қосалқы шаруашылығы бар деген анықтама кедергісіз беріліп отыр халыққа. Қалған анықтамаларды алу үшін халық шынымен де, аудан орталығына баруға мәжбүр болып отыр. Биылғы Елбасы жолдауындағы "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында осы елге кең жолақты интернет тартылады деп сеніміміз мол.
Ал одан 50 шақырымда жатқан көрші Тұрмағамбет ауылы өркениетті болып шықты. Мұнда халық саны да, интернет мүмкіншілігіде озып тұр. Тіпті ауыл әкімшілігінен өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышын ашып қойған. Интернет пайдаланушылар арасында электрондық кілттері барлары да табылды.
Эльмира Бекмағамбетова, Тұрмағамбет ауылының тұрғыны:
Мекенжай анықтамасын алып отырмын. Тез, лезде осындай мекенжай анықтамасын алып жатырмыз.
Мариям Айтуарова, Тұрмағамбет ауылының тұрғыны:
Өзімнің жеке кілтімді алып келіп, сотталған және сотталмаған жөніндегі справкамды алып отырмын. Бұрын біз осы жерден біраз жүріп, халыққа қызмет көрсету орталығын барып алатын едік.
Осы ауылдарға жауапты Қармақшы аудандық әкімшілігі өкілі ғаламтор желісі өзіне қарасты барлық 12 ауылдық округте тартылғанын алға тартты. Олардың айтуынша, оның қолжетімді болмауына провайдер - "Қазақтелеком" кінәлі. Сондықтан олар басқа да интернет жеткізушілермен келіссөздер жүргізіп жатқандарын айтты.
Айбек Досанов, Қармақшы ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы:
Қармақшы ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдар арқылы 98 мемлекетік қызметтің түрі көрсетіліп жатыр. Оның ішінде ауылдық округтер арқылы 8 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Алдағы уақытта енді басқа да осындай интернет желісін тасымалдаушы мекемелермен келіссөз жүргізілуде. Жақын арада шешіледі деп ойлаймыз.
Қуаңдариялықтар сапалы
интернеттен, үзіліссіз ұялы байланыстан үмітті. "Цифрлы Қазақстан"
жобасынан өз ауылдары шет қалмаса деп отыр.
Шарипа САҚТАПОВА