Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Банк жүйесінде туындаған жағдайларды уақтылы бағамдап, тиімді әрекет ету қажет - Президент

AstanaTV
18.04.2018ж. 20:00
3095
Банк жүйесінде туындаған жағдайларды уақтылы бағамдап, тиімді әрекет ету қажет - Президент

Қор нарығын жандандыру керек, ал банк жүйесінде туындаған жағдайларды дер кезінде бағамдап, әрекет ету қажет. Ұлттық банк қызметінің қорытындылары жөнінде кеңес өткізген Президент тиісті тұлғаларға осындай тапсырма жүктеді.  Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Мемлекет басшысы бас банктің 2017 жылы атқарған жұмыстары жөнінде есебін тыңдады. Қаржы секторының даму перспективалары талқыланды. Мемлекет 3 триллион теңгеден астам қаражат бөліп, банк жүйесіне бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетті. Алайда, банктер тарапынан берілген несиенің көлемі артқан жоқ. «Жұмыс істемейтін» несиенің үлесі - 10 пайыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биылғы жылы Ұлттық Банктің нашар көрсеткіш берген банктерді сауықтыру бағдарламасы жабылатын болады. Акционерлер тиімсіз басқарғандықтан, бұл банктер теріс көрсеткіштер көрсетіп отыр. Олар  қарыздарды көбейтіп, салымшыларға олардың міндеттемелерін орындауларын да қамтамасыз ете алмайды. Бұл жағдайдан шығу жолы қандай? Осы банктерді сақтаудың жолы кеткен ақшасын қайтару үшін, акционерлер өздерінің қаржысын салу қажет.

Данияр Ақышев Ұлттық банктің өткен жылдағы қызметі нарықтағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мен банк секторының жұмысын қалыпқа келтіруге бағытталғанын атап өтті. Қаржы нарығындағы жағдай қалыпты. Макроэкономикалық көрсеткіштер мен қаржы секторының даму индикаторлары тұрақты түрде жақсарып келеді. 2018 жылы инфляция 5-7 пайыз шамасында болады деп ойлаймыз.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық Банк төрағасы: 

Өткен аптада жекелеген ресейлік компаниялар мен тұлғаларға қатысты АҚШ-тың экономикалық санкцияларын кеңейтуіне байланысты оқиғалар болды. Тиісінше, Ресейдің қор және валюта нарығында белгілі бір өзгерістер орын алды. Әрине, олар Қазақстанның да валюта нарығына әсер етті және бұл еркін бағам жағдайында қалыпты нәрсе саналады. Бірақ бұған деген нарықтың әсері тура пропорционалды болған жоқ. Егер рубль бағамы 10 пайыздан астам құлдыраса, теңге номиналды түрде айтсақ, 3 пайызға ғана төмендеді.