Атырауда “Хакер Атырау” лақап атымен танылған азаматқа қатысты сот үкім кесті. Оған қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен айып тағылған еді. №2 сот судьясы Элмира Ойқұлова Нұрлан Жаңбырбаевқа 4 жыл 8 ай бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Рақымшылық заңына сәйкес, 4-тен 1 бөлігі қысқартылып, түкпілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектелді. Оған пробациялық бақылау белгіленіп, жаза өтеудің бүкіл мерзімі ішінде 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылады. Естеріңізге салайық, Нұрлан Жаңбырбаев әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы елді дүрліктірген Жанкелдин ауылында жоғалған отбасы туралы өз болжамын айтып көпшілікке танылған болатын. Ол Түркия мемлекетінде ұсталды. Бірақ айыптың атышулы іске қатысы жоқ. Қылмыстық іс бойынша 12 адам жәбірленуші деп танылған, берешек сомасы 13 млн теңгеге жуықтайды. Атыраулық азамат сот отырысы кезінде оның 9 миллион теңгесін өтеп үлгергенін айтқан еді. Оның сөзінше, 2021 жылы «Жету» атты такси қызметіне арналған қосымша жасап, жобаға инвестиция тартқан. Кейін бизнесі тоқтап, қарызданып қалған.