Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымы, банк шоттарына қол жеткізу құқығын сатып алу және заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесу деректері бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды AstanaTV.
Тергеу мәліметінше, Алматы қаласының үш тұрғыны заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін дропперлер желісін құрған. Олар делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған жастарды тартқан.
Күдіктілер шетел азаматтарының Қазақстанға келу жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефондар және SIM-карталармен қамтамасыз еткен. Ал шетелдіктер ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын беріп, кейін еліне қайтып отырған.
Аталған шоттар тиісті лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату операцияларына пайдаланылған.
Бұдан бөлек, күдіктілер «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен.
Олар түскен қаражаттың 4 пайызын сыйақы ретінде алып, ойыншылардан төлем қабылдау, ұтыстарды аудару және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығару жұмыстарын атқарған.
Дропперлердің банк шоттары арқылы өткен қаражаттың жалпы көлемі 3,6 млрд теңгеден асқан.
Қазір екі күдікті үйқамаққа алынған. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.