Компанияның шоғырландырылған түсімі 1,4 трлн теңгеге жуықтап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өсті. Операциялық пайда 560 млрд теңгеден асып, таза пайда шамамен 479 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Astana TV.
Есепті кезеңде уран өндіру көлемі 20,5 мың тоннадан асты, ал сату көлемі 14 мың тоннадан жоғары болды. Екі көрсеткіш те өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсті. Компания 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамды көрсеткіштерін өзгеріссіз қалдырды.
Атом энергетикасына деген қызығушылықтың артуы аясында қазақстандық уранды өткізу нарықтарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 2026 жылы Қазатомөнеркәсіп Үндістан мен Қытайдың ірі энергетикалық компанияларымен табиғи уран жеткізу бойынша жаңа келісімшарттар жасасты.
Бүгінде Қазатомөнеркәсіптің үлесіне әлемдік бастапқы уран өндіру көлемінің шамамен 20%-ы тиесілі. Ал Қазақстан жалпы әлемдік уран өндірісінің 40%-ға жуығын қамтамасыз ете отырып, уран өндіруден әлемдегі жетекші ел мәртебесін сақтап отыр.
Сарапшылардың бағалауынша, ұзақ мерзімді перспективада әлемдік уранға деген сұраныс өсе береді. Бұған жаңа атом электр станцияларының құрылысы, жұмыс істеп тұрған реакторлардың пайдалану мерзімін ұзарту, деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы, сондай-ақ көптеген елдердің төмен көміртекті электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға ұмтылысы ықпал етеді.
Салалық болжамдарға сәйкес, 2030 жылдан бастап әлемдік уран нарығында ұсыныстың құрылымдық тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл ұзақ мерзімді перспективада ірі уран өндірушілер үшін неғұрлым қолайлы жағдай қалыптастырып, әлемдік нарықтағы сенімді жеткізушілердің маңызын арттыруы ықтимал.