$458.13 €502.29 ₽5.58

80 млн теңгенің алаяқтық ісі: ШҚО тұрғыны тергеушілерге алғысын білдірді

80 млн теңгенің алаяқтық ісі: ШҚО тұрғыны тергеушілерге алғысын білдірді
Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында құны 80 млн теңге болатын мүліктік кешенді алаяқтық жолмен иемдену дерегін тергеуге атсалысқан полиция қызметкерлеріне қала тұрғыны алғысын білдірді. Ол тергеушілердің кәсібилігі мен табандылығын атап өтіп, ШҚО ПД бастығының жеке қабылдауында ризашылығын жеткізді, деп хабарлайды Astana TV.

Әрбір күрделі қылмыстық істің артында кәсібилік, табандылық пен жауапкершілікті талап ететін ауқымды жұмыс тұрады. Ал сол еңбектің азаматтар тарапынан шынайы бағалануы – полиция қызметкерлері үшін ерекше мәнге ие. Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбековтің жеке қабылдауында қала тұрғыны Гүлнар Қуанбаева қылмыстық істі тергеуге атсалысқан полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді. Аталған іс бір топ адамның алдау жолымен құны 80 млн теңге болатын мүліктік кешенді иемденуіне қатысты. Қылмыстық істің күрделілігі мен материалдардың көлемі тергеушілерден табандылықты, жан-жақты талдауды және әрбір дерекке мұқият назар аударуды талап етті. Іс бойынша процестік шешімдердің бірнеше рет қайта қаралуы да тергеу барысын күрделендіре түсті. Қала тұрғыны ШҚО ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жанар Мейірбекова мен Самар ауданы полиция бөлімінің тергеу жөніндегі орынбасары Айдын Далабаевқа ерекше алғысын жеткізді. Ол тергеушілердің кәсібилігін, жауапкершілігін және істі тергеуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Полиция қызметкерлері үшін азаматтардың мұндай алғыс сөздері – еңбектің еленгенінің айқын белгісі. Бұл – атқарылған жұмыстың қоғам тарапынан бағалануы, сондай-ақ азаматтардың әділдікке деген сенімін нығайтуға қосылған үлестің көрінісі.