Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шағын несие беру талаптары өзгерді

AstanaTV
20.04.2018ж. 20:00
2310
Шағын несие беру талаптары өзгерді

Кәсіпкерлікті бастағанына 3 жылдан асқан азаматтар бұдан былай шағын несие ала алмайды. Президенттің бес бастамасының бірі - микроқаржыландыру бағдарламасына биыл өзгерістер енгізілмек. Мұны Үкімет үйінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрлігінің өкілі айтты. 

Биыл қаражат бөлуде шектеулер бар. Ауылдық жерде ісін дөңгелеткісі келгендер 8 миллион теңгеге дейін, ал қалалық жерде бизнес бастайтындар 15 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. 19 миллион теңгеге дейінгі қаражат тек Астана, Алматы, Атырау, Ақтауда кәсіп ашатын азаматтарға беріледі. Үкімет биыл шағын старт-ап жобаларды қаржыландыруға ден қоймақ.

Шыңғыс Ахметов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары:

Биыл осы шектеулерді арнайы енгізіп отырмыз, түзету ретінде дайындап отырмыз. Әлі енгізілген жоқ. Мұның басты маңызы - осы қаражатты күтіп отырған, бизнесті жаңа ғана бастап жүрген адамдарға арнайы бағыттау.

Кәсіп ашқысы келген азаматтар алдымен кәсіпкерлікке икемі бар-жоғын анықтайтын тесттен өтуі керек. Ал одан өткендер арнайы курстарда білім алуы қажет. Мұндай талап кәсіпкерлердің барлығына бірдей міндеттелмек. Өйткені бизнесті ашу бір басқа, оны дөңгелетіп әкету - екінші мәселе. Ол арнайы білімді қажет етеді.