«EXPO-2017» көрмесіне қатысушы
мемлекеттер саны 75-ке, Қазақстанмен жасалған халықаралық екіжақты келісімдер
саны отызға жетті. Елордада бүгін көрмеге қатысушылардың кезекті екінші
кездесуі өтіп, жоспарланған 13 маңызды
келісімнің алғашқыларына қол қойылды.
«EXPO-2017» халықаралық
көрмесінің қатысушылары Астанада екінші
мәрте жиналды. Жыл сайын кездесіп тұруға
уағдаласқан қатысушылардың кезекті жиыны кестеден кештеу өтіп жатыр. 2014 жылдың қазанында
болған алғашқы кездесуге 86 делегат келсе, осы жолы Қазақстанға 278 делегаттың
жолы түсті. Бүгінге дейін 75 мемлекет көрмеге қатысуға келісім берген. Оның ішінде үлкен 20-лыққа енетін 14
мемлекет пен 14 халықаралық ұйым бар.
Дариға Назарбаева, ҚР вице-премьер
министрі:
Халықаралық қатысушыларды тарту
жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 75 мемлекет пен 14 халықаралық
ұйым көрмеге қатысу ниетін растап үлгерді. 27 келісім жасалды. Осы жиналыс
барысында тағы бірқатар келісімдерге қол қойылады.
Астана «EXPO-2017» көрмесіне
қатысушылар қатарында ЮНЕСКО, ОПЕК, МАГАТЭ және Экономикалық серіктестік пен
даму ұйымы сынды беделді ұйымдар бар. Екі күнге жалғасатын жиында барлығы 13
халықаралық келісімге қол қойылады деп жоспарланған.
Қол қойылған құжаттар
арасында Ресейдің Росатом
компаниясымен жасалған келісім бар.
Ресейдегі алпауыт кәсіпорын Қазақстан тарапына жобалар бойынша өз ұсыныстарын
берді. Шешім жақын арада шығуы тиіс.
Александр Мертен,
«Росатом - халықаралық желісі» ЖАҚ
президенті:
Біз қазақстандық
серіктестеріміз үшін өз жобаларымызды ұсынып, тиісті меморандумға бір ай бұрын
қол қойдық. Ертең сол жобалар бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді.
Ал бас қаланың қонақ қабылдау
қабілеті қай деңгейде екенін шаһар әкімшілігі
тесттік режимде сынап көруді жоспарлап отыр. Астана қалалық кәсіпкерлік
және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі Малика Бектұрованың сөзінше,
қауіпсіздіктен бастап, меймандардың жейтін тамағына дейін қатаң тексерістен
өтеді.
Малика Бектұрова, Астана қаласы
кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
Көрме барысында қызмет, тауар,
тіпті азық-түліктердің сапасын тексеріп, «ЭКСПО-мен тексеріліп, мақұлданды»
деген қорытынды беретін ортақ бағдарламаны іске қостық. Сондай-ақ қонақтар үшін
Астанамен онлайн режимде танысып, билетке тапсырыс бере алатын сайт іске
қосылады.
«Халықаралық іс-шараны өткізу
Қазақстанды әлемдегі олимпиада ойындарын қабылдайтын мемлекеттер қатарына қосты». Осындай пікір
бүгін алғаш рет айтылды. Көрме бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес, ЭКСПО
Қазақстанға да, әлем елдеріне де жаңа мүмкіндіктер ашады дейді.
Висенте Лоссерталес, Көрмелер
халықаралық бюросының Бас хатшысы:
Көрме қатысушылар үшін Астана
болашақ энергиясы туралы ойларын ортаға салатын таптырмас алаң болады. Мен
ЭКСПО-ның ағартушылық мүмкіндіктірін ерекше атағым келеді. Астана жаңа
идеялардың тәжірибеде көрініс табуына
мүмкіндік береді.
Кездесу ертең де жалғасады. Айта кетейік, үш айға созылатын Астанадағы
халықаралық көрме масштабы жағынан осы жылдың сәуірінде Анталияда басталатын
алты айлық үлкен көрмеден әлдеқайда ауқымды. Жоспар бойынша ЭКСПО қалашығының құрылысы
жыл соңында бітуі тиіс. Айтулы іс-шараның басталуына 472 күн қалды.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ