Президент көрсеткіштері «өте нашар» деген үш банктің бірі - Астана банктің жағдайы расында онша емес екені осы апта анық көрінді. Мысалы, Шымкентте Астана банкінің салымшылары соңғы аптада депозиттегі ақшаларын ала алмай жүр. Гүлнар Астана банкінің бөлімшесіне осыдан бір ай бұрын 6 млн теңгесін депозитке салыпты. Енді:
Гүлнар Иманқұлова:
Мен қалаған кезімде бұлар ақшаны беруге құқылы маған.
-Ал енді?
- Енді отказ жасап отыр. «Подтверждение жоқ. Алматыдан головной офистан, мы ничего не решаем», осындай әңгімелер. Ал маған нақты жауап керек. Банкрот болса, банкрот болғанын айту керек.
Бұл проблема кәсіпкерлердің де жүйкесін жұқартып жатыр. Жеке кәсіпкер Мұрат Шалабаевтың есеп шотына мекемелердің біріне жеткізіп берген тауары үшін 425 мың теңге 18-сәуірде аударылған.
Мұрат Шалабаев, жекекәсіпкер:
Четверг азанда бардым, 8.35 те осы жерде тұрмын. Содан бастап маған сағат 11- де ақшамды шығарып беремін, деді. Сол ақшамды әлі четверг, пятница, бүгін понедельник, вторник уәде-уәде, әлі подтверждение бермей жатыр дейді. Не себеп екенін маған айтып жатқан жоқ, сөйтіп қайтарып жіберіп жатыр, өзімізхабарласамыз деп.
Бұл жағдайды банк ресми сайтында әуелі «уақытша шектеу» деп сипаттаған. Кейін «Банк ҚР Ұлттық Банкімен активтерді кепілге қойып, шұғыл заем берудің шарттары мен мүмкіндіктерін талқылап жатыр. Қарыз ақша алған жағдайда банк бүкіл клиенттік төлемдер мен аударымдарды тез атқарып, қызметін жалғастыра алады...», деген хабарлама таратқан. Алайда бұл банкке Ұлттық банк әзірге қарыз берген жоқ. Аптаның соңына қарай, банк салымшылардың 30 млрд теңге алып кеткенін жариялады. Сәуірдің 25-дегі ахуалға сай, банктің жеке тұлғалар алдындағы міндеттемесі 56 млрд теңге болған. Банк енді екінші деңгейлі басқа банктер және мемлекеттік даму институттармен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Өтімді қаржы алу үшін банктен заем алғандарды үстеме қаржыландыру бағытында. Президент өткен аптада Ұлттық банк қызметіне байланысты жиында ЭксимБанк, Астана банк, Qazag Banki көрсеткіштері «өте нашар» деп, «акционерлер жаман басқарған, қарыз, салымшыларға жауап бере алмайды, олар қалай жұмыс істемек?» деген. Президенттің сынынан кейін әсіресе Астана банк «бізде жағдай нашар емес» дегенге келтіріп, ақталған-ды... Ал бүгін Ұлттық банк Qazaq banki АҚ лицензиясын тоқтата тұру туралы шешім шығарған. Дәлірегі – жеке тұлғалардан депозит алуға, банктік есепшот ашуға. Бар депозиттер мен клиенттерге қызмет көрсетуге шектеудің қатысы жоқ.