Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Арменияда саяси дағдарыс...

AstanaTV
28.04.2018ж. 20:00
2993
Арменияда саяси дағдарыс...

Бейсенбіде Қазақстан Президенті Армения президентімен сөйлесті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Армен Саркисян Армениядағы қазіргі ішкі саяси ахуал жөнінде пікір алысқан. -Қазақстан Президенті Армения халқына бейбіт өмір мен тыныштық тілеп, барлық мүдделі тараптың туындаған саяси дағдарысты Армения Конституциясына сәйкес, заң үстемдігі негізінде диалог арқылы шешудің маңызды екенін атап өтті,-деп хабарлады Ақ Орданың ресми сайты. Телефон соққан Армения жағы болғанын қосқан.  

Дүйсенбіде Арменияда саяси дағдарыс әні-міне, шешілетіндей көрінген. Себебі бұл мемлекет президенттік басқару жүйесінен парламенттік басқару жүйесіне көшкен кезде президент Серж Саргсян «техникалық» процедуралардың арқасында премьер-министр қызметіне «ауыса» қойған-ды, бірақ жұрт көшеге шығып, ереуілдетіп қоймағасын, өз еркімен отставкаға кеткен. Армения үкіметі Саргсян отставкаға кеткен соң премьер-министр міндетін оның орынбасары Карен Карапетян атқаратынын жариялаған. Ал көшеге шыққан наразы адамдардың лидері, парламенттегі оппозициялық депутат Никол Пашинян жаңа премьерді қазіргі парламент сайламауы керек, әуелі кезектен тыс парламенттік сайлау болуы тиіс, деген талап қоя бастады. Өйткені қазір парламентте осы уақытқа дейін елді басқарып келген Серж Саргсян жетекшілік ететін Республикалық партия басым дауысқа ие, ал олар әрине, премьер-министр етіп өздерінің мүшесін сайлап алатыны түсінікті. Дәлірегі - үкімет басшысының міндетін атқарушы Карапетянды. Пашинян бекерге ереуілдетті ме, мамырдың біріне белгіленген премьер-министр сайлауына қарсылар көшеге қайтадан шықты... Армения парламентіндегі 105 орынның 58-і айтып отырған Республикалық партия мүшелеріне тиесілі. Ал премьер-министрді сайлауға 53 депутаттың дауысы жетеді.

Енді бұл оқиғаға – Армениядағы саяси дағдарысқа Ресей неге «аласұрмады» деген сауалға келсек. Сарапшылар қарапайым жауап мынадай дейді: Ресей, Армения ешқайда кетпейді деп сенеді. Кез-келген үкіметі Мәскеумен одақтас қарым-қатынасты сақтауға мүдделі екеніне күмәнданбайды. Түркия мен Әзербайжанның ортасында жалғыз қалмауы үшін. Тіпті наразы адамдардың лидері Никол Пашинян осы уақытқа дейін биліктің евразиялық бағытына, Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы болып жүретін, ал премьер-министр болуы мүмкін екені көрінген апта басында Ресеймен қарым-қатынастарды сақтау керектігін мәлімдеді. Еуро Одақпен байланыстарды ресей факторын мансұқ ете отырып орнатуға болмайды дегенге меңзеді. Оның «ағымдағы геосаяси бағыт кілт өзгермейді» деуі, трибуналар мен көшелердегі ұрандардың шын саясатқа – саясаткер билікте атқаратын істерге қатысы шамалы екенін кезекті рет дәлелдейді.