Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтті. Бес әлеуметтік бастамаға 2 трлн 600 млрд теңге жұмсалады.

AstanaTV
28.04.2018ж. 20:00
1804
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтті. Бес әлеуметтік бастамаға 2 трлн 600 млрд теңге жұмсалады.

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Қ.Р Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н. Назарбаевтың төрағалық етуімен «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтті.  Сессияның жұмысына мың жарымнан астам адам қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамадағы» қолжетімді баспанаға тоқталғанда «баспананың қандай маңызды екенін жақсы түсінеміз, сондықтан бұл бағдарламаны бірінші қылып қойдым», деді. Мәселен, 50-60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер алу екі адам жұмыс істейтін отбасы үшін аса қиын болмайды. Отбасы бюджетіне ауыр салмақ салмайды. Алғашқы жарна 20 проценттен аспайды. Әсіресе милиондаған жастар үшін үлкен мүмкіндік, деді.

Жалпы, 5 әлеуметтік бастамаға 2 трлн 600 млрд теңге жұмсалады. Президент «бекерге ешнәрсе ұсынбаймыз» дей келе, бұл қомақты қаражат, бірақ бұл біздің азаматтарымызға, олардың болашағына инвестиция, деді. Қаржы жинап, адамдардың жақсы өмір сүруіне бағыттап жатырмыз деп, «мұны халық бағалайды» деп үміттенетінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

5 бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсетін тағы бір қыры әлеуметтік бірліктің нығаюына бағытталған. Оның табысты жүруі азаматтардың болашағына, еліне, қоғамға қала берді бір-біріне деген сенімін арттырады. Бізде бұрын соңды мұндай бағдарлама болған жоқ. Осының бәрі тәуелсіздік жылдары Қазақстанды түрлі бәледен сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары, ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы.

Сессия барысында Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев қолжетімді баспана бағдарламасының алдағы мамыр айында қабылданатынын, «Баспана» деген арнайы оператор компания құруылатынын айтты. 7-20-25 схемасын түсіндірген. Н.Назарбаев, «егер осылай сипаттап берсек, қарапайым адам түсінбейді» деп, әзілдеп қойды. ҰБ төрағасын нағыз қаржыгер деп, оған сессияға келіп түсіндіруді өзі сұрағанын айтты. Бастысы, үй салатын ақша беру. Адамдарды тек сол ғана толғандырады, деді. Ал бес бастаманы талқылаған кезде «ақша жоқ» деген жауап алғанын, «қалай ақша жоқ?», дегенін, ақшаның ақыры табылғанын әңгімеледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қарапайым адам бұл баяндамадан түк те түсінбейді. Данияр Талғатұлы нағыз қаржыгер, сондықтан, өз ісін біледі. Сондықтан мен осында кеп түсіндіріп беруін сұрадым. Осы жобаны алғаш қолға алғанда 5 бастаманың әр пунктін бірнеше рет қайта-қайта қарау керек болды ғой. Сондағы алғашқы алған жауап «ақша жоқ» деген болатын. Мен «ақша бар» дедім. «Ақша бар» деп едім, енді міне, ұлттық банк төрағасы, бұл кісі бағдарламаның жүзеге асуына ең жауаптылардың бірі, бәріміздің алдымызда бағдарлама орындалады дейді. Бұл өте маңызды. 

«Біз де прагматикалық пайым жасауымыз керек, ғаламдағы этникалық жағдай біздің ішкі саясатымыздың стратегиясы дұрыс екенін дәлелдейді, біз адамдарды қандай да бір қатынаста ешқашан бөліп жарған емеспіз», деді Президент. Сөйтіп елдегі бірлікті одан әрі берік ету түсу керектігін айтты. Басты ресурс – әлеуметтік сала. 21-ғасыр ғаламдық қауіп-қатердің ешқайда кетпейтінін көрсетіп отыр. Жұмыс істеу керек. Әлемдік дағдарыс тіпті дамыған елдердің әлеуметтік мүмкіндіктерін азайтып отыр. Дүниежүзілік экономикалық фрумның сарапшылары алдағы 10 жылдағы 3 трендті атайды: 1. Әл-ауқаттың әркелкі болуы, 2. Әлеуметтік жіктелудің ұлғаюы, 3. Экологиялық қауіптің күшеюі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өздеріңіз де қазір біліп, көріп отырсыздар, дүние жүзінде көгінде туы, төрінде билігі болсада бірлігі қашып, болашағы бұлдыр болған қаншама мемлекет бар. Біз осыны берік ұстап, мызғымас ынтымақ бірлігімізді, таусылмас ырыс-берекеміздің бастауы етіп, сеніммен қадам басып келеміз, осы жолдан таймау керек. Осы бірлікпен жүрсек, барлық қиындықты игеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етеміз. 

Мемлекет Басшысы қазақстандықтарды бірлік пен ынтымаққа кезекті рет шақыра отырып, мемлекет құру бар, алайда оны ішкі және сыртқы түйткілдерден аман сақтау бар, осы өте үлкен мәселе, деді. Ең бастысы ішкі тыныштық, іштегі түсінісу. Біз аса сезімтал болуымыз керек. «Анау ұнайды, мынау ұнамайды» дейтіндер бар. Кемшілік тауып, оны «айналдыра» жөнеледі. Мысалы, шығыста су тасқыны болғанда бүкіл Қазақстанды су басқандай сөйледі. Ондайларды орнына қою керек. Бізге тұрақтылық қымбат. Сонда ғана дами аламыз, дейді Президент.

Оксана Драчева, Алматы қаласы «Қазақша сөйлейік» клубының негізін қалаушы:

Құрметті қауым, жатақхана салу, қосымша оқу грантын бөлу, тұрғын үй мәселесін жеңілдету дегеніміз бұл жастарға, оның ішінде ауыл жастарына деген әкелік қамқорлық. Қазақта «бұлақ көрсең көзін аш» деген сөз бар, Нұрсұлтан Әбішұлы, 20 мың грант ертең елді нәрлендіретін 20 мың кәусар бұлақ. 20 мың баланың орындалған арманы. Мен 5 әлеуметтік бастаманы, бақытқа апарар 5 қадам деп атар едім.