$521.53 €601.01 ₽6.43
×

Параллельдер: Назира мен Айдана есімді екі келіншектің өмірінен.

AstanaTV
28.04.2018ж. 20:00
3671
Параллельдер: Назира мен Айдана есімді екі келіншектің өмірінен.

Бір облыста тұратын өмірлері параллель екі келіншек туралы. Оңтүстік Қазақстан облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «алты жастағы баласын ұрып-соғып, жан сақтау бөліміне түсірген» Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Назира Бекбаеваны бес жылға соттады. Ол жазасын бес жылдан кейін өтейді. Өйткені кәмелетке толмаған екі баласы бар... 

- Егер бес жылдың ішінде жағдай қайталанатын болса үкімді өзгертеміз, -деген судья. Назира Бекбаева «балаларыма дұрыс қараймын, өзім қараймын» деп судьяға уәде беріп, алғыс айтқан. Ал психолог Жадыра Құдайбергенова сот отырыстарының бірінде Нәзираның таяқ жеген  6 жастағы баласының «ақыл-есі өз жасына сай дамыған» деп сипаттай келе, «Баламен отбасындағы қарым-қатынас туралы әңгімелестік. Әкесін көрмеген, танымайды. Баланың айтуынша, анасынан жәбір көрген, қорқады, қайта барғысы келмейді. Денесіндегі тыртықтарды көрсетіп, анасының жиі ұрсатынын, қолын тістеп, басын ағашпен, темірмен ұрғанын айтты», - деген еді... Ал Назира Бекбаева «баламды өлтіру үшін ұрған жоқпын, адам болсын деп ұрдым» деген және «неге ұрған қолым сынып қалмады?» деп бөтелке сындырып өз қолын өзі кескенін айтқан... Ол былтыр желтоқсанда істі болған. 

Ал осы облыстың Төлеби ауданы Нысанбек ауылының келіні Айдана Егеубаева инстаграм желісінде парақша ашып, ауылдағы тіршілікті боямасыз баяндайды. «Инстаграм парақшамды жүргізе келе адамдардың жасандылықтан шаршағанына көзім жетті. Өйткені инстаграмдағы боянған қыздардан, киген киімін, ішкен-жегенін, қайда жүргенін дәлелдейтін, өзін бақытты көрсеткісі келетін посттардан шаршаған адамдар көп екенін байқадым. «Нағыз қазақ ауылының шынайы өмірін көрсеткенің үшін алғыс айтамын» деушілер көбейді. Мысалы, қой қырқып жатқан кез қандай керемет. Бүкіл ауыл жиналып, у-шу боп, қалжыңдасып жүріп шаруаны тындырып тастайды. Ондағы аура басқаша болады» дейтін Айдана Шымкентке арнайы келіп, біздің тілшімізге сұхбат берді.

Айдана Егеубаева: 

Бізде көбінесе қалада жүргендіктен салт-дәстүрге көп мән бермейміз ғой, салт-дәстүрді тек қана шындығына келгенде кітаптан ғана оқимыз, оны қолданбаймыз да ғой... Ауылдық жерде тұрғандықтан көптеген салт-дәстүрді қолданамыз...«Ерулігі» бар, «Бастаңғысы» бар, «Абысын шәйі» бар. Шынайы өмірде қолданған кезде ғана адамның санасына сіңеді екен.

Айдананың келін болғанына 7 жыл. Бір үйдің бетіне қараған жалғыз қызына өсіп-өнген үлкен әулеттің  шаруасын алып кету бастапқыда оңай болмапты.

Айдана Егеубаева :

Сиыр сауғанды, ішек-қарын тазалағанды, көптеген ауылдың салт-дәстүрін бірден қаланың қызына үйрену өте қиын болды. Оған шыдамдылық танытқан енемізге рахмет, атамызға рахмет. Бәрін жалықпай үйретіп, менің келініме сөз келмесінші, келіні көргенсіз екен деп айтпасыншы деп, сондай нәрсеге жеткізбейінші деп тырыса беретін едім.

Десе де талай рет нан күйіп, сүт тасып, уыз қатқан. Бір күні білместікпен үлкендердің алдында ұятты болғанын да еске алды.

- Кісіні байқамай кесіп кетіп, ол кісіні «кінәлімін» деп үйге шәйға шақырып, -Кешіріңіз!.. Сізді байқамай қалдым, деп...сондай жағдайлар болды.

Келіншек білгенімнен білмегенім әлі көп, деді.

Айдана Егеубаева:

Менің өзімнің енем көп қыдырымпаз, тойшыл адам. Содан бір күні кететін болды, сонымен есік алдында су тасып жүрмін. Көрші келіншектер маған келіп, көрші апалар ғой енді, келіншектер де өзім сияқты онша түсіне бермейді ғой...

 - Әй, апаңның басын таң!...-Басын таң деген не, басы ауырып жатқан ба еді, басын орау керек пе еді?!.. - деп ойлап қоям өзім ішімнен. Болмаған соң көрші ападан сұрадым: «басын таң!» деген не өзі?- деп, сөйтсем «үлкен кісінің амандықпен оралғанын сен іштей тілейсің, содан көрші-қолаң болып бәрі тілейді жаңағы жерде. Содан кейін аман-есен оралғанда соны «бастаңғы» - деп айтады,- деді. Содан кейін біз жақта «құрсақ шашу» көп береді.

Айдананың күнделікті тіршілігі таңғы бес жарымнан басталады. Әуелі шелегін ұстап, сиыр саууға беттейді. Сүтті пісіріп болғанша  ата-енесі тұрып үлгереді, одан соң жолдасы мен балалары оянады. Олардың таңғы асын беріп, бірін жұмысқа, екіншісін балабақшаға шығарып салып өзі де жұмысқа жиналады. Айдана математикадан сабақ береді. Сүйікті жар, екі ұлдың аяулы анасы қазір үшінші сәбиіне аяғы ауыр. 

Айдана Егеубаева: 

Сабағыма да, әлеуметтік желіге де уақыт табам. Бірақ, үлгерем деген адам барлық жерде үлгереді деп ойлаймын мен. Қанша жерден ауылдың тірлігі оңай емес, құрт – майың бар, күбі пісу деген оңай тірлік емес, біле білген адамға. Соның бәріне үлгеріп, одан қала берсе бізде ауылдық жер болған соң қонақ көп келеді. Құдайы қонағы бар, арнайы қонағы бар, біздің әрқашан дастарханымыз жаюлы тұру керек. 

Ауыл тіршілігінің өзіндік ерекшілігі, салтқа беріктігі қалада өскен ашық-жарқын мінезді Айдананың білсем, көрсем, үйренсем деген қызығушылығын арттыра түскен. «Барған жерімді ұятқа қалдырмаймын» деп тырысқан келіншек бүгінде ауылдың үлгілі келіндерінің бірі. Ол инстаграм желісінде ауылдың боямасыз өмірін бейнелеуден бөлек, өзінен кейінгі жастарға ақыл-кеңесін де жазып отырады.

Айдана Егеубаева: 

Келіннің аттаған табалдырығы ең биік тау деп айтады, табалдырық деген ең киелі нәрсе. Сол жерге барғаннан кейін сол үйдің заңына, сол үйдің тәрбиесіне келін мен қыз деген бағыну керек. Менің қыз кезімде әкем өйткен еді, мен бүйткен едім деген еркеліктің бәрі сол қыз кезінде үйде қалуы керек. Келін болып түскеннен кейін «бақытты боламын»- деп емес, сол үйді «бақытты етемін» деп бару керек.

Иә, айтқандай, Айдана облыстық келіндер байқауында жүлдегер атанған. Ене мен келін арасындағы байланыс, қыздың тәрбиесі мен ұрпақ тәрбиесі жас келіншекті қатты ойлантады.

Айдана Егеубаева:

Рухани жаңғыру біздің яғни  ұмытып  бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғырту. Оны кім жаңғыртады, яғни біз сияқты жас қыз-келіншектер жаңғыртады. Біз ертеңгі өскелең ұрпаққа тәрбие беруіміз керек. Болашақтың бұлыңғыр болмасына біз сияқты қаймағы бұзылмаған қазағымыздың келіндері үлкен атсалысады. Қазіргі таңда көбісі заманауи, батысқа еліктеп бара жатыр. Біз өзіміздің салт-дәстүрімізді сақтап қалуымыз керек.