Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Нұр Отан» партиясының қызметін жаңғырту тақырыбында кеңейтілген жиын өтті

AstanaTV
27.04.2018ж. 20:00
2711
«Нұр Отан» партиясының қызметін жаңғырту тақырыбында кеңейтілген жиын өтті

«Тегін 1000 ІТ-сынып» жобасы аясында жылына 150 мың оқушы еуропалық білім беру тәсілі бойынша оқытылады. Ал ІТ-орталықтарда 35 мыңдай жас ақпараттық технология саласын меңгеріп, әлемдік нарықта жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының қызметін жаңғырту тақырыбындағы кеңейтілген жиында айтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін электоронды қызметті арттыру, ауыл мектептерінде ағылшын тілін оқыту сапасын көтеру, кітапхана қызметін дамыту секілді көптеген маңызды бағыттар сөз болды.

Білікті кадрлар тобын қалыптастыру - барлық салада заманауи технологиялардың қолданылуына жол ашу. "Нұр Отан" партиясы жұмысын жаңғыртудағы басты міндет - осы. Тұрғындардан түскен ұсыныстар нәтижесінде 20-дан астам партиялық жоба дайындалған. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев олардың маңызды тұстарына тоқталды. 

Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл жобалар әртүрлі салаларды қамтиды, алдағы уақытта олардың жүзеге асырылуына басымдық беретін боламыз. Бастамаларды іске асыру негізінен өңірлерде жүргізіледі, облыс әкімдіктері мен обыстық филиалдарымыздың басшылары белсенді араласады деп сенеміз

Партиялық жобалардағы жаңашылдықты дер кезінде қолдап әкеткен өңірлер баршылық. Қызылорда облысында гео-ақпараттық онлайн жүйесі орталығы ашылған. Бұл бизнес иелерінің құжаттарын рәсімдеуде әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған.

Ибадулла Құттықожаев,  "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұрын, мысалы, жерді рәсімдеуге бір ай уақыт кететін электр жарығы немесе газға қосылуға айлап жүретін, қазір кәсіпкерлер бір жүйеден ақпараттық онлайн жүйеден қол жеткізе алады, яғни кәсіпкер үшін қажетті жұмыстар осы орталық арқылы беріледі.

Алдағы уақытта сатылатын немесе жалға берілетін жер телімдері жөніндегі мәліметтер, құжаттар онлайн түрінде беріледі. Бұл жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жасалып отыр. Бәсекеге қабілетті маман даярлау үшін ағылшын тілін оқыту сапасын жақсарту көзделген.  IT сыныптар ашудан ешбір аймақ шет қалмауы тиіс.

Ербол Нұрғалиев,  Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

Ақтөбе облысы 56 IT сынып ашуға дайын, тиісті қаржы бөлінген, сондай-ақ "Бақытты балалық" жобасы аясында 117 спорт алаңдарын да жөндеп, жаңадан іске қоспақпыз.

Заман көшінен кітапханалар да қалыспайды. Кітап қорын электронды форматқа көшіру, ондағы дүниелерді көпшілікке қолжетімді ету - басты талап. Кітапханаларды заманауи орталықтарға айналдыру бойынша оңтүстік өңірі біршама тың бастаманы қолға алған.

Ербол Садыр, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Арнайы залдар бар, кітапханамен қатар, келушілер электронды форматта кітаптарды оқып қана қоймай, авторлары туралы деректі фильмдер тамашалуына да мүмкіндіктер жасалады.

Елбасының партия қызметін жаңғырту тапсырмасы бойынша қолға алынған жобалар саяси ұйымға деген сенімді күшейтуі тиіс. Стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға жүйелі қатысу да маңызды. Мәулен Әшімбаев барша нұротандықтарды Елбасы айқындаған міндеттерді абыроймен орындап, жаңа жобаларды жүзеге асыруға шақырды.