Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

146 мыңдай түлек Ұлттық біріңғай тестілеуден бақ сынайды

AstanaTV
02.05.2018ж. 20:00
3158
146 мыңдай түлек Ұлттық біріңғай тестілеуден бақ сынайды

Биыл елімізде 146 мыңдай түлек Ұлттық біріңғай тестілеуден бақ сынайды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің өкілдері хабарлады. Мемлекеттік білім гранттарының саны 20 мыңға көбейген. Оның ішінде 11 мың грантты техникалық мамандыққа бөлу қарастырылып отыр. Белгілі болғандай, түлектердің 80 пайызы қазақ тілінде сынақ тапсырмақ.

Тестілеу орталығының дерегінше, 14 жылда 1,5 млннан астам түлектің білімі сынға түскен. Осы жылдар аралығында бірнеше рет тестілеу форматы да өзгергенін айта кетейік. Ал, биылғы сынақта қандай өзгерістер болады? Бұл туралы тілшілеріміз айтуға дайын. 

Диана Сапарқызы, тілші:

Биылғы ҰБТ-ді өткізу форматы өзгеріссіз қалатын болды. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағанбетовтің сөзінше, сынақты өткізу мерзімі де жылдағыдай. Әзірге 100 мың бітіруші өтініш беріп үлгерген. Оның 73 мыңдайы сынақты қазақ тілінде тапсырмақ. Ал ағылшын тілінде тапсыруға 200 түлек өтініш берген.

Асхат Аймағанбетов,  ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

2017 жылы мектепті бітіріп аттестат алу үшін мектеп қабырғасында түлектеріміз емтихан тапсырады. Одан кейін аттестат алады. Одан кейін алтын белгіні де мектепте алды. ҰБТ тек қана жоғары оқу орындарына түсуге емтихан болды. Биыл осы ҰБТ-да ешқандай өзгеріс жоқ.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге 1,5 миллиард теңге жұмсалатыны белгі болды. Сондай-ақ тестілеу орталығының өкілі, түлектерді алаяқтардан сақтануға шақырды. Сынақ басталмай тұрып, жалған тест жауаптарын сатып, пайда көретін пысықайлар да бар деп отыр. 

Рамазан Әлімқұлов, ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры:

Кей адамдар: «Осы ҰБТ-ның дұрыс жауаптарын сатып жатырмыз, не болмаса ҰБТ-дан алғанбыз», - деп ақпараттарды тарады. Оның барлығы жалған! Ешқашан ҰБТ-ның дұрыс сұрақтары сатылмаған, сатылмайды. Өйткені бұл мемлекеттік құпияға жатады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Тестілеудің шарттары өзгессіз қалса да, пән сұрақтарының 50 пайызы жаңартылған. Мамандардың айтуынша, былтыр 40 мыңдай сұрақ болған. Ал биыл қорда 110 мың тапсырма бар. 3 мыңға жуығы ағылшын тілінде. Барлық сұрақтардың 11 пайызы функционалдық сауаттылыққа бағытталған. Білім сынағына әзірлік Қарағандыда қалай жүріп жатқанын әріптесім айтуға әзір. Айжан, сөз өзіңізде. 

Айжан Қуаш, тілші:

Иа, Диана, Қарағанды облысында биыл 8 мыңдай оқушы мектеп бітіреді. Түлектердің 73 пайызы ҰБТ тапсырып, еліміздің жоғарғы оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Ал қалғандары колледж және шетел университеттеріне бармақшы.

Мамандардың айтуынша бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға жоғары. 11 сынып оқушыларының көбі ҰБТ тапсыратындықтан, мектептер жыл бойы дайындалған. Қаладағы 92-інші гимназия педагогтары апта сайын негізгі пән тапсырмаларын пысықтайтындарын айтады. Биыл бітіретін 51 түлек емтиханға түгелдей қатысады.

Қолаңшаш Сейтімбетова, Қарағанды қаласы №92 гимназия директоры:

Жылдың басында біз мұғалімдерге де, оқушыларға да дұрыс бағыт берген болатынбыз. Көбінесе тапсырмалар ҰБТ кезінде жаңартылатынын хабарлаған болатынбыз. Сондықтан функционалдық сауаттылыққа байланысты тапсырмаларға ден қоюды сұраған болатынбыз. Сабақ уақытысында көбінесе соны жүйелі түрде қамтып дайындалып жүр.

Қарағанды облысында оқушыларды ҰБТ-ға дайындау мақсатында арнайы семинарлар ұйымдастырылып, ақпан айында жаппай сынақ өткен. Арнайы құрылған комиссия есебінше, оқушылар өз білімдерін ақтаған. Келесі сынақ мамырдың ортасында болады.

Нәзір Жәшібеков, Қарағанды облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Жаңа ережелерге сай, түлектер ҰБТ тапсыру, тапсырмауды өздері шешеді. Бала Қазақстанның жоғарғы оқу орнына түссе, әрине, тапсырады. Ал егер орта оқу орындарына немесе шетел университеттеріне түсетін болса, емтиханға қатыспайды.

Айжан Қуаш, тілші:

Аймақта ҰБТ тапсыратын 15 бөлім бар. Оның бесеуі жоғарғы оқу орындарында, қалғаны мектептерде орналасқан. Биыл қарағандылық түлектер емтиханды маусымның 20-сы мен шілденің бірі аралығында тапсырады деп күтіліп отыр.

Айжан Қуаш 
Диана Сапарқызы