Президент бастамаларын жүзеге асыруды бақылайтын Қоғамдық кеңес құрылды. Бұдан былай мемлекет басшысы көтерген 5 әлеуметтік бастаманың орындалуын созбаққа салған шенеуніктер жауапқа тартылмақ. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кеңестің алғашқы отырысында осылай деді.
Халық үшін аса маңызды 5 әлеуметтік бағдарламаның іске асуын жұрт асыға күтіп отыр. Бастама жерде қалмас үшін Президент оны бақылайтын қоғамдық кеңес құруды тапсырған. Кеңеске сенатор Бақытжан Жұмағұлов төраға болып сайланды. 27 адамнан тұратын топ 5 бастамаға сай 5 топқа бөлініп, әр бағытты бақылайды. Міндеттер жүктелген мемлекеттік қызметкерлер президент тапсырмасын бұлжытпай орындауы тиіс. Селқостық танытқандар жауапқа тартылмақ.
Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Президенттің бастамаларын іске асыру ісін созбақтап, сарсаңға салғандарды дереу анықтап, біз "Нұр Отан" партиясы мұндай шенеуніктерді жауапқа тарту мәселесін қоятын боламыз. Ешбір адамның кедергі жасауына жол бермейміз.
Мәулен Әшімбаев қоғамдық кеңес мүшелерінің міндеттерін айқындап берді. Олар 3 бағытта жұмыс істейді. Ол - мониторинг жүргізу, бастамалар тетігін халыққа түсіндіру. Шешімін табуы тиіс мәселелерді анықтап, оны жою жолдарын Үкімет пен парламентке ұсыну.
Бақытжан Жұмағұлов, қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Тек қана бақылап қою емес, мына жұмыстың тиімділігіне қарау, қалай істеліп жатыр, қандай жергілікті органдарда, қай жерде қандай қиындықтар бар, осының барлығына жауап беріп, соның тиімді шешіміне өз үлесін қосу үшін жиналып, ортаға осы мәселелерді салдық.
Ал бастамаларды іске асыру жолдары айқын. Жаңа оқу жылынан бастап студенттер жаңа гранттарды иемдене алады. Ал бүгінде іс бастаған кәсіпкерлерге 4 миллиард теңгеге несие берілген. Ал 7-20-25 бағдарламасымен ипотека шілдеде беріле бастайды.
Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:
Тұтынушылар құқын қорғаудағы маңызды жағдайлар ескерілді. Қарыз алушы 180 күн ішінде оны қайтара алмайтын болса, банк айыппұлдар мен үстеме пайыздарды тоқтатады. Теңдестіру тәсілі қарыз алушылардың құқықтарын сақтайды және банктердің де белсенді түрде несие беруін ынталандырады.
Батыстық үлгідегі арзан несие беру ТМД-да алғаш рет қолданылғалы отыр. Мұны "Бірлік" партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали айтты. Бастаманы қолдаған елдегі саяси ұйым басшылары да оның іске асуын бақылайды.
Серік Сұлтанғали, "Бірлік" саяси партиясының төрағасы:
Елбасының басқаруымен үлкен жобалар іске қосылды. Бейнеу -Бозой-шымкент. Азиялық газопровод. Біз Өзбекстанға, Түркменстанға қарайтынбыз. Тәуелді болатынбыз, енді тәуелсіз болдық деуге болады. Астананы газбен қаматасыз ету жобасы іске асса, толық өз газымызбен өз Қазақстанды толық қамтамасыз етеді деген ойымыз бар.
Бастамалардың
берері көп. Тетіктері табылды, енді тиімді іске асыру қалды. Ал оны "Нұр
Отан" партиясының аймақтағы филиалдары мен республикалық демократиялық
күштер коалициясы, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақтар да бақылайды.