Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодардағы Алексеевка ауылының тұрғындары малға жайылым қалмады деп алаңдайды

AstanaTV
11.05.2018ж. 20:00
3526
Павлодардағы Алексеевка ауылының тұрғындары малға жайылым қалмады деп алаңдайды

Павлодарда жер дауы. Қала іргесіндегі Алексеевка ауылынының тұрғындары жайылым жерден айырылып қаламыз деп отыр. Өйткені жергілікті билік елді мекеннің жан-жағын егіс алқабына айналдыруды жоспарлап қойған. 400 гектар жерге байқау жарияланыпты. Малмен жан бағып отырған бұқара мен атқамінерлерді Әсемгүл Мұхитқызы тыңдап келді. 

Осы малмен күн көріп отырмыз. Бала-шағамыз бар. Басқадай ешқандай кіріс жоқ. Сүтін ішіп, қаймағын жалап, артығы болса, тапсырып күн көреміз.

Жұмажан ақсақалдың қиналуы бекер емес. 50-ге жуық тұрғыны бар ауыл халқы малмен күн көреді. Енді елді мекен төңірегі жуырда биліктің шешімімен егіс алқабына айналмақ.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жергілікті билік Алексеевка ауылының маңын егістік алқабына айналдыруды жоспарлап отыр. Былтыр елді мекеннің батыс бөлігі жыртылып, мұнда арпа мен сұлы егілген. Тұрғындардың айтуынша, мал бірнеше мәрте алқапқа түсіп, қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Егер ауылдың маңын айналдыра дәнді-дақыл отырғызылса, бұқара қорадағы төрт-түлігін қайда апарып бағарын білмей дал.

"Еңбекпен қамту 2020" бағдарламасы арқылы 3 млн теңге несие алған Кенже Тайлақов та не істерін білмей дал. Ақша алып, кәсібін дөңгелетемін деген шаруа енді қорқып отыр. Күзде бес жылға алған қарыздың алғашқы өтемін төлеуі тиіс. Соған 7 бас тайыншасын жемдеп жүргенін айтты. Сондықтан, малды қорада ұстаудың қаншалықты ауыр болатынын жақсы біледі.

Кенже Тайлақов, Алексеевка ауылының тұрғыны:

Күніне 2 қап жем кетеді. Екі қап жемің 800-бен санағанда 1600 теңге күніне. Айына қанша кететінін есептеңізБес жылға алдым. Бес жыл осылай жабу керек. 5 жыл бойы жемдемеймін ғой сиырларды. Жарайды мынау жас мал. 4-5 бас. Соның өзіне қанша ақша кетіп жатыр. Шөп сатып аламын, жем сатып аламын.

Ал Талғат Қайырбаев өз алдына мал басын өсіріп жүр. Бүгінде 50 ірі қара мен 50 жылқысы бар. Бұған ауылдың малын қосып бағады. Жайылым болмаса, жағдайымыз қиындайды,-дейді.  

Талғат Қайырбаев, Алексеевка ауылының тұрғыны:

Бүгін жер бөліміне бардым. Жер жоқ дейді. Жайылым жоқ. Бәрі егіс алқаптар. Енді біз не істейміз? Бәлен жыл жинаған малды бір күнде сойып тастау керек пе?! Мына жерден прогон қалдырамыз деді. Онымен біз қайда барамыз?! Арғы жақта Жамбыл, Жамбылдың малы бар.

Павлодар аудандық әкімдігі Алексеевка ауылы маңындағы 400 гектар жерді жалға беру жан-жақты сараланған мәселе екендігін жеткізді. Аппарат басшысы Фархад Тәшімовтың дерегінше, бұл аумақ бұған дейін мақсатты пайдаланылмай келген.

Фархад Тәшімов, Павлодар ауданы әкімінің аппарат басшысы:

Статусы бойынша бұл жер жайылым емес, егіс алқабы. Көп жылдар бойы оны ешкім пайдаланбады. Жер жыртылып, тыңайтылмаған да, яғни жерді жақсарту үшін ештеңе жасалмады. Сондықтан әкімдік бұл аумақты байқауға қоюды ұйғарды. Енді тәжірибесі бар адамдар жерді тиімді пайдаланатын болады. Оны өңдеп, жұмыс істемек. Ал, малын қорада ұстаймын деген қауымға біз қолдау көрсетуге әзірміз.

Әкімдік ауылдықтарға басқа аумақтан жайылым бөлуге уәде берді. Бүгін жерді жалға беру бойынша байқаудың үміткерлері анықталды. Егіс алқабының жаңа қожайыны кім екені алдағы аптада белгілі болмақ. Ал, қорадағы малымен жан бағып отырған Алексеевка тұрғындары мәселе оң шешімін табар деп үміттенеді

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ