Негізгі / Жаңалықтар / Алматы облысында зират түбінен ұңғыма қазбақ болған шенеуніктерге халық наразы

Алматы облысында зират түбінен ұңғыма қазбақ болған шенеуніктерге халық наразы

Алматы облысында бүтін бір ауылдың 2 мыңға жуық халқы қатынассыз қаламыз ба деп қауіптенеді. Билік өкілдері Іле ауданына қарасты Түймебаев ауылындағы негізгі жолдарының бірін бөгеп, орнына ауыз су ұңғымасын қазуға кіріскен. Құны 110 млн теңге тұратын жоба жаңадан қосылған елді мекендерді қосымша ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Бірақ халық осы жұмысты дұрыстап ұйымдастырмаған шенділерге наразы. Алдымен ары-бері қатынайтын жолды дұрыстап салып беруді талап етті.

Ана жер тесік, мына жер тесік, неге бірінші жол жасап, сосын объектіңді сал....

Түймебаев ауылы құрылғалы бері қызмет еткен мына жол енді болмауы мүмкін. Тұрғындарды алаңдататыны да осы. Мыңдаған адам осы жалғыз жолмен қатынап жүрген. Жақында бәзбіреулер бұл жерді қоршап, жол жабындысын бұза бастаған. Содан бері тұрғындарда маза жоқ.

Арсен Досмұхамедов, Түймебаев ауылының тұрғыны:

Мына жолды алды да қазды, оны қайтып көметін де ешкім жоқ, құры босқа қиратып тастады. Мына жердің бәрін қоршауға ешқандай қақы жоқ, былай қарағанда.

Қанымгүл Хамитова, Түймебаев ауылының тұрғыны:

Енді мына қасымызда зират тұр. Оның қасынан қалай адамдар өтеді. Мына жердің өзімен жүру қауіпті, неше түрлі жағдайлар болып жатыр. Зират мына қасында тұр. Оны қазуға болмайды. Ол суды біз қалай ішеміз енді. Халықтың жартысы оны біледі, жартысы білмейді.

Ауыл әкімі аумағы бір гектар жерге ауыз су ұңғымасы жасалатынын айтады. Сондықтан жолды да бұзуға тура келген. Оның орнына қол созым жердегі зиратты жағалап, жол салынбақ. Тапсырыс берген аудан әкімдігі жаңа жолды жобаламай тұрып, су қоймасының құрылысын бастауға рұқсат берген көрінеді. Тіпті нысан туралы ақпар беретін арнайы төлқұжаттарды ілмеген. 

Серік Күзембаев, Алматы облысы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі:

Дүйсенбі күні кездесеміз, адамдар арасынан өзінің комиссиясын құрдық. Неге объектінің паспорты қойылмайды деп жатыр, адамдардың жүретін жолы көрсетілмеген деп жатыр. Мұның бәрін дүйсенбіге дейін шешетін боламыз.

Арман Қамалбек, Алматы облысы Іле ауданы әкімінің көмекшісі:

Қазір аудандық архитектор жұмыс жасап жатыр. Бұл жерде халықпен бастапқыда жұмыс жүргізілмегендіктен, қазір келіссөздер жүргізіліп, жолдың мәселесі шешіледі. Сметалық документер бойынша құдай бұйыртса, тас жолдың бәрін салып береміз.

Алайда жергілікті әкімдік қосымша жол салуға бюджеттен қаражат қарастырмаған. Тек трактордың көмегімен жерді түзеп, асфальтсыз жол салып бермек. Тұрғындар, жаңбыр жиі жауатындықтан, балшыққа батамыз ба деп алаңдаулы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Соңғы жылдары бұл маңдағы ауыл халқының саны бірнеше есеге артқан. Атқамінерлер ауыз су жетпей жатқанын айтып жүріп, 110 млн теңгеге қол жеткіздік дейді. Ал халық осы жұмыстарды алдына ала жүйелемей, шалағайлық танытқан шенеуніктердің өздерін кінәлап отыр. Тараптар келісімге келсе, биыл қазан айында ауыл халқын толықтай сумен қамтитын жоба жүзеге аспақшы.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ