$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Жаңа параметрлерге сай түзетілген бюджет жобасы Сенатта таныстырылды

AstanaTV
25.02.2016ж. 20:00
1831
Жаңа параметрлерге сай түзетілген бюджет жобасы Сенатта таныстырылды

«Бизнеске бағытталған несие 9-10 пайыз мөлшерінде шығады. Қалғанын мемлекет субсидиялайды». Зейнетақы қорынан банктер арқылы бизнеске бөлінген 200 млрд теңгенің тағдырына қатысты Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай деді. Қаржыны қай банктердің алатыны 2-3 аптада белгілі болмақ. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Күні кеше жаңа параметрлерге сай түзетілген бюджет жобасы Сенатта таныстырылды. Жалпы ішкі өнім 3 есеге құлдырап, 0,5 пайызға түсіп қалды. Мұнай өндірісі 74 млн тонна көлемінде, белгіленген жоспардан 3 миллионға аз. Салықтық түсімдер де кеміген. Өйткені мұнай экспортына салынатын баж салығы тоннасына 40 доллардан 20 долларға дейін түсті.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Оның ішінде мұнайдың экспорттық баж салығы бойынша  206 млн 500 млн теңге құрайды. 

Үкімет экономиканың драйвері «Нұрлы жол», яғни инфрақұрылымдық жобалар деп отыр. Жол салу, құрылыс төңірегінде топтасқан түрлі компаниялар тапсырыстан құр қалмайды. Қосымша жұмыс орындары ашылады, дейді. Және өткенде ғана зейнетақы қорынан бөлінген қомақты қаражатты бизнес бәрібір 9-10 пайыз мөлшерінде алады. Қалғанын мемлекет субсидиялайды, деді Ерболат Досаев. Мұның барлығы минусқа кетпеудің амалы көрінеді. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Минусқа кетіп қалмас үшін, осындай шаралар қабылдап отырмыз. Уақытылы инфрақұрылымды салу бүгінгі жағдайда экономиканың өсуінің драйвері болады.

Ал сенатор Бектас Бекназаров ойда жоқта Сталин заманын еске салды. Соғыстан кейін күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге 1 пайыздық несие беріліпті. Сенатор мұны өткен ғасырда, яғни соғыстан кейінгі экономика туралы жазылған кітаптан оқыпты.

Бектас Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Сталиннің тапсырмасымен құлаған үйлерді қалпына келтіруге, тұрғын үй құрылысына 1 пайыздық несиелер берілген. Ол қандай кез еді? Қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді. Мен түсінбеймін, біздің банктердің пайызы неге сонша көп? Түсіндіріңізші.

Оған қоса сенатор Германиядағы 2 пайыздық несиелерді де айта кетті. Ал Ұлттық банк өкілі, Батыста инфляция деңгейі өте төмен, бізде өткен айда 14,4 пайызды құрады. Қарызды одан аз пайызға ешкімнің бергісі жоқ екенін түсіндірді. Сондай-ақ Ұлттық банк жұмыс істемейтін, яғни қайтпаған қарыз көлемі 10 пайыздан асып кеткен банк басшылары жұмыстан кететінін айтты.

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының міндетін уақытша атқарушы:

Егер 10 пайыздық межені үшінші рет қайталанса, біз банктің бірінші басшысын тағайындау жөнінде келісімді кері қайтарамыз. Бұл менеджменттің персоналды жауапкершілігі, егер орындамасаңдар, осындай шара қолданамыз деп бірден келісіп аламыз.  

Мөлдір Бақытқызы, тілші:

Ал зейнетақы қорынан берілетін 200 млрд теңгені қай банктер алатыны екі апта шамасында белгілі болады. Ұсыныстар мен талаптар барлық банктерге бірдей жібірелген. Талапқа сай келіп, шартқа көнгендер бір ай шамасында қаражатқа қол жеткізеді. Содан соң оны бизнеске үлестіре бастайды. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ