Алматы облысы Іле ауданында 20 шақты елді мекеннің тұрғындары жол азабын тартып жүр. Аудан орталығы Өтеген батыр кенті мен Алматы қаласына жету үшін ертелі-кеш сағаттап кептелісте тұрамыз дейді. Жүргізушілердің темір жол өткелін айналып өтетін көпір салынса деген өтініші бар. Алайда қаншама жылдан бері айтылып келе жатқанымен, орындалар түрі жоқ. Билік өкілдері жобаның өте қымбатқа түсетінін айтып, мәселені шешуге асығар емес.
Белсенді топ өкілдері әлеуметтік желі арқылы хабарландыру таратып, аудан тұрғындарын таңертең жиналуға шақырған. Олар көлік кептелісіне биліктің назарын аударуды мақсат еткен. Алайда жол полициясы мен құзырлы орган өкілдері қозғалысты тоқтатпаудың амалын жасап, жұртты сабырға шақырды.
Мария Ткаченко, Байсерке ауылының тұрғыны:
Бірнеше шақырымға созылған кептеліс бұл жерде толастамайды. Жылдың қай мезгілі болмасын, тіпті түнгі сағат 10-да келсең де, дер кезінде өтіп кету мүмкін емес. Жәй күндері қарасын көрсетпейтін полиция өкілдері телеарна келетінін естіп, жол қозғалысын реттеуге көшті.
Олеся Шнайдер, Байсерке ауылының тұрғыны:
Ертелі-кеш бұл жолмен қатынау мүмкін емес. Шаң-тозаң, бір-бірімен жарысқан көліктер, тіпті жолға таласып төбелесетіндер де кездеседі.
Еліміздің шығысына қатынайтын темір жол қозғалысы соңғы жылдары жиілеген. Халық жұмысқа шыққанда, екі жолақты ескі жолға көлік сыймай кетеді, дейді тұрғындар. Сәт сайын қатынайтын пойыздар өтіп болғанша, автомобильдер тізбегі жиналып қалады.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Жетіген-Алматы тас жолының ең күрделі нүктесі - дәл осы жер. Көлік нөпірі темір жол өткеліне келіп тірелгенде, ұзын-сонар кезек пайда болады. Себебі бұл жерден бір тәулікте 60-қа жуық темір жолы құрамы ары-бері қатынайды.
Бұрын жүргізушілер аудан орталығына қатынайтын Қапшағай-Алматы тас жолын балама жол ретінде пайдаланатын. Алайда, күрделі жөндеуден өткен автобанда Өтеген батыр кентіне бұрылатын жол жабық тұр. Сондықтан 20-дан астам елді мекеннің халқы осы жолмен жүруге мәжбүр.
Қуаныш Беделбаев, Әли ауылының тұрғыны:
Қазір мына жерде жол полиция қызметкерлері жүргендіктен, көліктер бір тізбекпен тұр. Ал олар жоқ күні мұнда көліктер үш-төрт тізбекке түседі де, анау темір жол өткеліне барып тіреледі. Сондықтан мына жерде кептеліс үлкейіп, арты анау көпірге дейін болады.
Ұзақ жылдан бері қордаланған мәселені шешуге жергілікті билік қауқарсыз.Темір жолды айналып өтетін көпір салу қомақты қаржыны талап етеді. Шенеуніктердің есебінше, көлікке арналған аспалы жол құрылысына 3,5 млрд теңге керек.
Серікжан Ерекешов, Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары:
Алматы-Жетіген тас жолындағы темір жол өткеліне көпір салу үшін техникалық-экономикалық жоба дайын. Енді оны жобалау үшін 50 млн теңге қажет. Содан кейін автомобиль көпірін салуға ақша бөлінеді деген ойдамыз.
Қомақты қаражат бөлініп, көпір құрылысы басталады дегенге халық сенбейді. Ел-жұрттың соңғы үміті Іле ауданы арқылы өтетін Үлкен Алматы айналма жолында. Онымен бірге аудан орталығына Қапшағай жолы арқылы қатынайтын жол айырығы салынады. Биыл мамыр айында бұл жобаның құрылысы басталып, 2021 жылы аяқталуы керек.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ