Өскеменде 10 мыңдай тұрғын жаз бойы ыстық сусыз қалуы мүмкін. Бұған екі коммуналдық кәсіпорын арасындағы дау себеп болды. Жылу мен жарықпен қамтамасыз ететін компаниялар өзара электр қуатының бағасына келісе алмай отыр. Шешімге келе алмаған соң ыстық су беруді тоқтатқан. Биліктің араласуымен су қайта беріле бастады.Бірақ бұл жағдайдың қанша уақытқа созылары белгісіз.
Энергетикалық даудың салқыны балабақшалар мен мектептерге, балалардың демалыс лагерлеріне, сондай-ақ қарттар үйіне де тиуі мүмкін. Бұдан өзге бірнеше ондаған шағын-орта бизнес нысандары тағы бар. Олар қалыптасқан жағдайға алаңдаулы.
Валентина Торопова, тұрғын:
Жаз бойы ыстық сусыз қалу деген сұмдық қой. Мен осында 50 жылдан бері тұрып келем. Мұндайды ешқашан көрген емеспін. Бұл жаңа басшылардың әрекеті.
Шығысэнерготрейд компаниясы Согра қазандығынан электр жарығының бір киловатт сағатын 8,3 теңгеден алып келген. Ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасқан. Алайда көктемде энергетиктер қуатты екі есе арзан сататын басқа кәсіпорын тапқан соң қазандықпен серіктесуден бас тартқан.
Назым Олешкевич, «Шығысэнерготрейд» ЖШС бас директорының орынбасары:
Өскемендегі қазандық бізге 4,39 теңгеге сатып ал деп отыр, ал республикалық деңгейде орталық сауда нарығындағы баға 4,5 теңге. Согра қазандығы болса жарық қуатының 1 киловатт сағатын 8,3 теңгеге сатпақшы.
Қазандық басшылығының айтуынша, электр қуатын басқа компанияға жеткізетін желі жоқ. Сондықтан жыл басында Шығысэнерготрейдпен келісімшарт жасасқан. Бұл келісім бұзылса барлық қызметкерлерді мәжбүрлі демалысқа жіберуден өзге амал жоқ. Ең қиыны қазандықтар тоқтап, жылу маусымының алдында болатын жөндеу жұмыстары да жүргізілмей қалуы ықтимал. Мәселеден әкімдік хабардар. Серіктестерді бірнеше рет келісімге шақыру арқылы қазандық электр қуатын 8,3 теңгеден 5,5 теңгеге дейін арзандатқан деді шенділер.
Ержан Қоңырбаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
Апта соңына дейін бұрынғы баға қалады. Одан кейін жарықтың 1 киловатт сағаты 5,5 теңге болады. Алайда сұрақ түбегейлі шешілген жоқ. Согра қазандығынан таратылатын жарық 8,3 теңге. Бұл өте қымбат. Шығысэнерготрейд өз пайдасын ойлайды, әрине. Согра қазандығы да солай. Қалай десек те, ыстық су беруді тоқтатпауға әрекет етеміз.
Алайда,
компания басшыларының қандай келісімге клері әзірге белгісіз. Тұрғындар жаз бойы ыстық сусыз қаламыз ба
деп алаңдап отырса, пәтер иелері
кооперативтері «ыстық су өшіріледі» деген хабарландыруларды алып тастаған.