$509.51 €570.6 ₽6.3
×

Қасиетті Рамазан айы басталды!

AstanaTV
19.05.2018ж. 20:00
4117
Қасиетті Рамазан айы басталды!

Қасиетті Рамазан айы басталды. Ораза ұстау - пенделік күнәлардан арылуға тырысу, сабырға келу, жүректі мейірімге толтыру, денсаулықты түзеу, нығметтерді қадірлей білу, өзіңді жауапкершілікке, тәртіпке тәрбиелеу, Алла-тағалаға жақындау. Көп нәрсені «ұмытып» жүрген ауқаттының есін жиюына да септеседі. /Деп үміттенеміз./ Мысалы, ауыз ашарды сіңірі шыққан кедей кісілерге жасау. Кесе қояр жер жоқ дастарқанды дәл сондай дастарқан жая алатынға дайындағанша, мешіттерде, тіпті үйлердің аулаларында нәрлі тамақ жеуді аңсап жүретіндерді тойдырса, сауап деген сол ғой. Ал егер баласы қатқан нан жеп отырған, баспанасы жоқ жалғызбасты аналарға көмектессе, «Алла разы болсын!» деп бәріміз айтамыз. Атырауда өмір сүретін, өмір сүретін деймін-ау, күйеуі тастап, тастағанымен қоймай, балалардың жергөкпұлы түсетін карточканы алып кеткен, кісінің босағасын сағалап, 2 баласына тамақ тауып бере алмай отырған 24 жастағы Рысханым Аяпова есімді келіншектің «балаларым ашығып жылағанда өлгім келеді» дегенін ақпараттық порталдардан оқып, қатты қиналып жүрген сондай әйелдер мен еш шарасы қалмаған мүсәлдат кісілердің тізімін жасап, бір портал ма, құру керек шығар деп ойлайсың... Рамазандағы ой мен әрекет және шапағат туралы Еркін Карин жалғастырады.    

Шлангы жұтып жүрдім. Қатты ауыратын жиі, түсте де, тамақ ішсем де, ішпесем де жиі ауыратын-тұғын. Ал оразаны қалай ұстадым, содан бері асқазан ауруы мені мүлдем мазалаған жоқ.

Бес жыл қатарынан ауыз бекіткен Есенжол шыдамды шыңдайтын оразаның нығметтерін санап тауыса алар емес. Ауыз бекіткен адам аштық пен шөлге шыдағасын, басқа қиындықтарға сыр бермейді, дейді.

Есенжол Елекенов, Орал қаласының тұрғыны:

Эмоцияға ерік беру, ашушаңдық деген сияқты нәрсе бізде жиі болады. Ал Рамазанда мұның бәрі сап тыйылып, біреуге ренжиін десең де ренжи алмайсың. Ашуланғың келсе де ашулана алмайсың. Неге? Өйткені өзіңнің бойыңда кенеттен бір сабырлылық пайда болады. Кенеттен ішіңнен «мен оразамын ғой» деген ой сап ете түсіп, өзіңді тоқтатасың.

Дендеген дертінің дауасын Нұрлыбек те оразадан тапқан. "Шайтандар кісенделер" айда ауруынан айыққанын айтады.

Нұрлыбек Досхан, Орал қаласының тұрғыны:

Қатты ауырып жүрді асқазаным. Қаралдым, емделдім. Содан кейін Рамазанда Ораза бір ай ұстап, Алладан дұға қылып неткем. Қазір тәуір, әлхамдулилла. Асқазан мүлдем ауырмайды.

Оразаның пайдасын отыз күн ауыз бекіткендер ғана емес, дәрігерлер де мойындайды. Өйткені ас азайғасын, ағза өзгеріп, жаңарады, артық ет пен майдан арылады. Осыған көзі жеткен мамандардың өздері де оразаға ден қойыпты.

Нұргүл Едігеқызы, дәрігер-гастроэнтеролог:

Өзім ораза ұстап жатқаныма биыл екінші жыл. Былтыр бірінші рет ұстағам. Биыл екінші рет ұстап жатырмын. Оразаның пайдасы – бір жыл бойы жиналған зиянды тамақтарды жеп, сол жинаған зиянды тамақтардан шыққан шлактарды, ағзаға зиян улы заттардың барлығын ағзадан шығарып, тазаланып шығуы. Сонымен бірге ұйқы безі, бауыр аштық кезінде демалады, оларға тамақ жеп, қатты салмақ түспейді. Сол себептен ағза сол кезде демала бастайды.

Ораза басты мүшенің бірі - бауырдың қызметін жақсартады. Дәрігерлер көп кеселдің себебін дәл осы бауырға күш түскеннен көреді. Ал ашыққанда бауыр күн сайын үш-төрт сағат тынығады екен. Дегенмен ауыз ашқан жамағат жеңіл қорытылатын тағамды таңдап, қуырылған, тұздалған дәмді азайтқаны абзал. Тойғанша тамақ жеп, төсекке құлайтындардың осалдығына дін түгілі, дәрігерлер де қарсы.

Нұргүл Едігеқызы, дәрігер-гастроэнтеролог:

Оразаны дені сау адамдар ұстағаны дұрыс.Асқазанында жарасы бар, гастриттері және созылмалы панкреатит, созылмалы холецистит сияқты ас қорыту мүшелерінің аурулары бар науқастарға мүмкіндігінде өршу сатысы кезде ұстаудың қажеті жоқ.

Еркін Карин, тілші:

Кеш жарық, инстадостар! Біз бүгін ауызашар дастарқанында отырмыз. Баршаңыз да хош келдіңіздер. Оразамыз қабыл болсын!...Жалпы қазір әлеуметтік желілерде осы бағыттағы посттар, фото-бейнебаяндар жиілеп кетті. Бірақ дін өкілдері мұндайдан барынша сақ, әрі мұқият болуға шақырады. Өйткені құдайға құлшылық барынша қарапайым, әрі шынайы болуы керек. Бұл істе ешқандай жарнаманың қажеті жоқ дейді.

Өзге мұсылман елдерінде қала көшелерінде дастарқан жайылып, бір мезетте мыңдаған адамға ауызашар беріледі. Араб елдері мен Түркия бұл жағынан алда келеді. Тіпті Ыстамбұлда ұзындығы он шақырымға жуықтайтын дастарқан жайылып, рекордтар кітабына енген. Еліміздің мешіттеріндегі ауызашар ауқымын олармен салыстырғанымыз әбестік болар. Дегенмен Оралдағы орталық мешітте 250 адамға арналған ауызашар дастарқанын ауқатты азаматтар көтеріп алыпты. Дін өкілдері дәулеттілердің бір-біріне құр мақтанып, "бекер мал шашқанынан" гөрі тұрмысы төмен жандарға көмектескен әлдеқайда сауапты іс екенін айтады. Енді осы үрдіс Ораза біткенше жалғасарына сенеді. Сонда Алла разылығы үшін ауыз бекіткен жоқ-жітікке, тұрмысы төмендерге кәдімгідей көмек болар еді. Тіпті Ораза ұстамаса да, нәрлі тамақ ішуді аңсаған ашқұрсақты бір тойдыру сауап.

Еркебұлан Қарақұлов, ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы:

Арнайы бекіткен адамы болады. Жауапты кісісі болады. Осының бәрін ұйымдастырады. Ниет еткен меценат, кәсіпкерлер болады. Бірнеше кісі біріксе де болады. Мешітке келуші жамағатқа ауыз аштырады. Бұл жерде адам тек қана Алланың разылығын көздейді.

Ораза тек ас пен судан тыйылу емес, сана серпіліп, рухани тазаратын кез. Қанағат дейтін уақыт. Жаңалықшыл шымкенттіктер биыл да дағдысынан жаңылмады. Қаладағы қоғамдық көліктер Рамазан айының құрметіне жолаушыларды тегін тасып жатыр.

Ержан Қалмұрзаев, автобус жүргізушісі:

Тегін жүру себебі Рамазан айы ғой. Соған халыққа қызмет жасап, халықтың сауабын алайық деп тегін жүргізіп жатырмыз.

Айлардың сұлтаны – Рамазан маусымның ортасына дейін жалғасады. Алланың разылығы үшін ораза ұстайтындар көбейген сайын қоғамдағы агрессия, өшпенділік, аяқтан шалу, нәпсіқұмарлық, тағы басқа дендеген дерттердің қорқынышты деңгейі түсетіні сөзсіз. Қайырымды адамдардың бәрібір көп екенін ескерсек, үміт оттары лапылдайды.

Айзада Төребекқызы, Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».