Астана экономикалық форумы. Халықаралық валюта қорының өкілі Тао Чжанның айтқаны - 2008 жылдан бастап Кавказ және Орталық Азия елдерінің сауда ашықтығы төмендеп, аймақтың қалған әлеммен байланысы өте төмен деңгейде. Тіпті Кавказ және Орталық Азия елдері аймақтың өз ішінде сауда қарым-қатынас мүмкіндерін пайдалануға ұмтылмай отыр. -Қазір аймақтағы ішкі сауданың үлесі: жетекші мұнай экспортерларымен - 5 пайыз, ал импорттаушы елдермен - 15 пайызды көрсетіп отыр. Бұл халықаралық стандарт өлшемі бойынша өте төмен. Эксперттің бұл сөзін әрине, шынайы жағдайды бағалауға мүмкіндік беретін есеп ретінде де, халықаралық форум өткізуге не себеп?- дегенге бір жауап ретінде де беріп тұрмыз... Тіпті біртұтас экономика, ғаламдық стратегия, ресурстар мен таза энергия, цифрландыру, болашақ ақшасы, ғаламдық қауіпсіздік пен урбанизация мәселелерін талқылауға әлеуетіміз жете ме?- деген ирониялық сауалды бағамдай алғанның өзінде, белгілі сарапшылар, саясаткерлердің қазіргі замандағы технологиялық проблемаларға байланысты пайымын өз құлағыңмен тыңдау мысалы, маған, дегенмен менен бұрын жоғары атқарушы билік мүшелеріне аса пайдалы. Қорытынды шығарудың өлшемі туралы үндей алмай қалсақ та. Айгүл Әдепбайдың материалы.
Қонақжай қазақ елі Астана экономикалық форумының "дастарқанын" 11 мәрте жайды. Сөйтіп тағы да құшақ жая қарсы алды, шетелдік меймандарды. Келгендердің ішінде жайы жоқ. Бұрынғы президенттер, халықаралық мәртебелі ұйымдардың экс-төрағалары мен форбстың бетін бермейтін бүгінгі миллионерлер. Миллионерлер демекші, олар Global challenges summit-не спорттық аяқ киіммен-ақ келе салады. Apple компаниясының тең құрылтайшысы Стив Возняктың көк-сары аяқ киіміне көзі түспеген жан аз. Ал ол болса ортақ суретке түскенде Президентке телефон номерін беріп үлгерді. Бұл форум жаһандық тәуекелдерге төтеп беру амалдарын іздеді. Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық дамудың 5 мегатрендін атады. Графика: Олардың басында цифрландыру тұр. Президент 2030 жылы жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн. долларға арттырады деді. Екіншісі – энергетикалық революция. Одан соң адамзат санының қарқынды өсуі, урбанизация және жаһандық еңбек нарығының өзгерістері. Таза энергия демекші, жетістіктер бар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Всего за 30 лет количество энергии, получаемой из возобновляемых источников выросло в 13 раз, стоимость солнечных панелей за последние пять лет упала в два раза. Происходит бум электромобилей. Если весь автопарк заменить на электрокары, как говорят эксперты, это позволило бы очистить воздух на земле до уровня 200-летней давности. В целом, к 2030 году доля альтернативной энергии на нашем в балансе будет доведена до 30%
БҰҰ 8-ші бас хатшысы болған Пан Ги Мун да "Қазақстан баламалы қуат көздерін дамытып отыр" деп мақтады.
Пан Ги Мун, БҰҰ экс-Бас хатшысы:
Осы бағытта Қазақстан көшбасшылардың қатарында екенін айтқым келеді. Қазақстанның 2013 жылы жасаған жасыл экономика көшу концепциясы Еуропалық одақтың бағыттарына сай. Қазақстанның 2050 жылы энергияның 50 пайызын баламалық қуат көздерінен аламыз деген міндеттемесі бар. Және Президент Назарбаев 2017 жылы іске қосқан жасыл технологиялардың халықаралық орталығы Қазақстанға бұл міндеттемелерді орындап, әлемдік көшбасшы болуға жақсы құрал болады деп ойлаймын.
Баламалы қуат көздерін дамытуға тырысып-ақ жатырмыз. Алайда қоршаған ортаны ластауды қояр емеспіз. Азаматхан Әміртай есімді азамат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қызықты сандарды сөйлетіпті. Автордың грамматикасын сақтап бердік.
Бүгінде елімізде 43 млрд тонна қоқыс жиналып қалған, оның 100 млн тоннасы тұрмыстық қалдық. Жыл сайын 1 млрд тоннадан қосылады. Оның 5-6 млн тұрмыстық қалдықтар. Өкінішке орай, олардың тек 2-9% ғана өңделеді. Осы мәселені шешу үшін бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаражатты 2015-2020жж аралығында бөлуді жоспарлаған, бірақ олардың қай мақсаттарға жұмсалғаны бізге белгісіз. Тіпті, Африка елдері пластикті қолдануға тыйым салып, айыппұл енгізіп жатыр. Ал біздің Энергетика министрлігі аталған мәселені шешу үшін не істеп жатқанын білмейміз. Бұл сұрақ шешілмеген соң заңсыз қоқыс полигондары күн өткен сайын артып келеді.
Бұл үкімет деңгейінде шешілетін сұрақ. Ал әр біріміз пластик пакеттерді барынша аз қолдануға тырысайық. Олардың ыдырау уақыты 100 жылдан жоғары.
Үкімет тырп етпесе, ең болмағанда пластик пакеттерді аз қолданып, өзімізге амалдау керек шығар. Форумға қайтып оралсақ, Елбасы криптовалюталардың қаржы нарығына күрделі өзгеріс алып келетінін ескертті. Оларды қолданудың ортақ ережелерін жасау керек деді. Нұрсұлтан Назарбаев кибер қылмыс пен урбанизацияның проблемаларын да тізді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Наступает эра мегаполисов и будет конкуренция между ними. Учитывая это, Казахстан начал реализацию стратегии развития агломераций. Если раньше у нас был один город с миллионным населением – Алматы, то теперь прибавились Астана и Шымкент.
Яғни кең жерімізге салынған тар қалаларымызға құлдырап жатқан ауылдардан қашып жатқан ағайынды қалай сыйдырамыз?- деген сұрақ туады. Адамзат санының көбеюіне орай бұл жалпы дүние жүзілік проблема. Мемлекет басшысы ғасырдың ортасында 10 млрд-қа жететін халықты асырау үшін қазіргіден 60 процент көп тамақ өндіру керектігін айтты. Ал біз аграрлық әлеуетімізді пайдаланып, мол пайдаға кенеле алушы едік. Тағы бір мәлімет - байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық күн санап ұлғайып барады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Вдумайтесь в эти цифры: сегодня активы 62 богатейших людей мира сравнялись с состоянием беднейшей половины человечества, то есть 3,5 млрд человек. По данным ряда международных экспертов более 80% благосостояния, созданного в прошлом году, принадлежит всего 1% населения.
Бұған қарамастан әлемдік геосаясат ушығып, АҚШ президенті ешкімге дес бермей барады. Жоғары деңгейдегі мінберде Иран мен Сирия мәселесі айтылмай қалмады. Францияның бұрынғы басшысы Франсуа Олланд өткен аптада АҚШ шығып кеткен Иран келісімін сақтауға шақырды.
Франсуа Олланд, Францияның экс-президенті:
Таяу шығыстағы қазіргі шиеленістерді шешу керек. Еуропаның шығысы мен Африкадағы жағдай да реттелуі тиіс. Ол шиеленістер барлық әлемді алаңдатып отыр. Сириядағы жағдайды көріп отырмыз. Иран бойынша жасалған келісім шарттар жүзеге асуы керек. Ол келісімдерге қолдау білдіру қажет.
Жаһандық тәуекелдердің қаупі артып барады. Оларды еңсеру үшін келіссөздер жүргізетін жаңа тиімді алаң керек. G-7, G-20 форматтарының өзі жаһандық сындарға жауап бере алмай отыр. Ал жаңа форматтағы қазақстандық G-Global форумы барлық тараптардың пікірін қамтитын компромисс алаңы. "Теңдей шешімдерге келу үшін оңтайлы құрал бола алады, оны Қазақстанның оптимист халқы ылғи дәлелдеп жүр", деп түйіндеді сөзін Президент. Осы аптада Сирия мәселесіне арналған Астана процесінің кезекті раундының соңында Сирия оппозициясының тек Астанада ғана басқосуға дайын екеніндерін мәлімдегені Н.Назабаев сөзін дәлелдейді.
Айгүл Әдепбай, Тимур Еркетаев "Біздің уақыт".