Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Семіз балалар көбейген. Мектеп асханаларына ешкімнің көңілі толмайды...

AstanaTV
19.05.2018ж. 20:00
3405
Семіз балалар көбейген. Мектеп асханаларына ешкімнің көңілі толмайды...

Өткен сәуір айында Астанадағы бір мектептің жеуге келмейтін тамағын бір ата-ана видеоға түсіріп, интернетке салып, шу шыққан, шын мәнінде көп жерде соның «әр жақ бер жағы» сияқты...Жақында ғана қоғамдық ұйым өкілдері әр балаға 250-300 теңге бөлінеді, ол желге ұшқан ақша, себебі құнарсыз, зиянды тамақ беріледі деген.Тегін тамақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына ғана берілетінін айта кетейік. Сонымен мектеп асханаларын жалға алатын фирмалар қалай таңдалады? Әнеугүні Қорғаныс министрі айтқандай, арзан баға ұсынатындар жеңіп шыға ма? Сарбаздардың тойып тамақ жемейтінінің себебін сұрағанда, сол баяғы тендерге сілтеген. Олжас Нұржақыптың материалы. 

Қоғам белсенділері дәруменді тағамның бірі де жоқ, керісінше, балалардың денсаулығына зиян тамақ беріледі, деп дабыл қағып жатыр.

Татьяна Бажова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының маманы:

Мектеп тағамындағы кемшілік барлық өңірлерде бар. Балалар сапасыз, дәмсіз тағамды аузына да алмайды. Қаншама тамақ әзірленсе де, оның маңызына мән берілмейді. Құдды бір жоспарды орындап құтылу керек деген көзқарас бар сияқты. Соның салдарынан 80 пайыз тамақ далаға тасталып, қоқысқа төгіліп жатыр.

Осындай дәмсіз, дәруменсіз тағамнан бас тартқан балалар буфеттердегі құрғақ өнім мен сусындарды алуға мәжбүр. Тағы бір қоғам белсендісі Марианна Гурина осы мәселе бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесі мынадай:

Марианна Гурина, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті:

Мектеп асының мәзірінде қуырылған тамақ былай тұрсын, газдалған сусындар да көп. «Жоқ, біздің буфеттерде ондай сатылмайды» дегеннің өзінде оқушылар дәмсіз тамақты жей алмай, амалсыз көшедегі дүңгіршектерге жүгіреді. Міне, осындай әрекеттерден бала денсаулығы бұзылмай қайтеді? Оның үстіне мектептердегі тәтті бәліштер мен шоколад, тағы басқа дайын өнімдердің бағасы удай.

Өткен сәуір айының басында Астанадағы бір мектептің асханасы елдің жағасын ұстатты. Гүлбану есімді келіншектің жүктеген фотолары мен комментарийі тіпті, билік өкілдерінің құлағына дейін жеткен еді. Ол:

«Оқушылар үстелдегі тамақты мүлдем жемеген. Бұл бір ауысымда берілген тамақ. Екінші ауысымның балалары да тамақты жемеді. "Дәмді емес" дейді. Олардың да татып алмаған тамағын жинап алып, төкті. Бір бөшке желінбеген тамақ қалды»,-  деп жазған еді.

Бұл проблеманың ата-аналардың көбін алаңдататынына дәлел, артынша Оңтүстік Қазақстан облысында түсірілген бейнежазба пайда болды. Мына кадрлер сол тексерістің көріністері. Мұнда да сол дәмсіз тағам, тиісінше, обал болса да қоқысқа тастау және сын көтермейтін санитарлық ахуал. Жазылған пікір қаншама. Бәрі де наразы. Тағы бір мысал. Павлодар облысындағы мектептердің біріне барған ата-аналар жалғыз аспаздан басқа жанды көрмеді. Тамақты пісіретін де, балаларға тең бөлетін де, ыдыс-аяқты жинап, жуатын да бір өзі. Ас мәзірі тым жұтаң.

Жайнагүл Төлеуқызы, Павлодар облысының тұрғыны:

Тамақ жей алмаймын дейді. Тамақ шикі. Бір рет балам тамақ ішті. Содан асқазаны бұзылып, құсып ауырды.

Білімхан Рақым, Павлодар облысының тұрғыны:

Тамағымыз өте нашар, тазалығы да жоқ. Кейде котлеттің ішінен құрт шығып жатады дейді. Тышқан өліп қалыпты деп естігенбіз...

Ата-ана айғайынан кейін аталған мектеп асханасы тексерілді. Нәтижесінде эпидемиологтар асхана тағамынан ішек таяқшасын тапты.

Иә бүгінде мектеп асханасындағы бекітілген бір реттік ас бағасы – 250 теңге. Ал 120 оқушы тамақтанады деп алсаңыз, бір күнде 30 мың теңге жиналады. Ал бір айда 700-800 мың теңгені құрайды. Бір оқу жылында 6 миллион теңгеден асып жығылады. Сонда бұл қаражат қайда кетіп жатыр?

Осындай олқылықтарды көзі көріп, құлағы естіген белсенділер "проблема мектеп асханасын жалға алатындарда", дейді. Ал дәлірегі - мәселе тендер арқылы арзан баға ұсынатындар іріктелетін жүйеде жатыр. Өткенде Қорғаныс министрі сарбаздардың тойып тамақ жемеуінің себебі дәл сол жүйеде екенін ашық айтқан. Бұл жерде де сол "ойын ережесі". Ал мектептер. Мектептер жалпы ереже туралы айтады.

Данагүл Әліпбаева, әлеуметтік педогог:

Олардың ас мәзірінде не беретіндігі, бағасы қандай болатындығы, мысалы балаларға пирожки, самса дайындайды, солардың бала денсаулығына зиян болмайтындығын, қандай қызметкерлері бар, бізге қандай мүмкіндіктер жасайды - соған байланысты қабылдаймыз. 

Мәселенің екінші жағы бар - ата-аналардың өздерінің әрекеті. Әрине, баласының денсаулығына алаңдамайтын ата-ана кемде-кем. Бірақ бәрі нақты әрекет ете ме? Мысалы, алматылық Әсел үлкен қызы Әмина мектеп табалдырығын аттаған күннен ас мәзіріне қатты көңіл бөледі. Жеміс-жидекті өзі салып беріп, мектепте жеген тағамның қандай болғанын сұрап отырады.

Әсел Жұбанышова, Алматы қаласының тұрғыны:

Мектеп асханасындағы ас мәзірі әр күні әр түрлі. Ыстық тағамдардың құрамына, жасалуына көңіл бөлемін. Кей күндері қуырылған ас, газдалған сусындар беріліп жатады. Баламның денсаулығы үшін оларды жегізбеуге тырысып, пайдалы, дәрумені көп өнімдермен тамақтануға кеңес беріп отырамын. Біз үшін бұл маңызды мәселе.

Баланың тамақтануына жеткілікті көңіл бөлмесе, болашақта ауыр дертке шалдығуы мүмкін. Мысалы, соңғы жылдары елімізде семіз балалар көбейіп барады. Өткен жылғы мәліметке сүйенсек, семіздік 15 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш 1990-шы жылы 5 пайыз ғана болыпты. Ал, артық салмақтың қант диабетіне апаруы ғажап емес. Мұны қазір бәрі білетін де тәрізді. Әйтсе де дәрігерлер ескертуден жалықпайды.

Жібек Жолдасова, дәрігер-психотерапевт:

Дұрыс тамақтанбау диабетке, онкологиялық ауруларға шалдықтырады. Жалпы алып қарасақ, артық май жиналғаннан қимыл-қозғалыс азаяды, тиісінше, баланың қабілеті төмендейді. Мұның бәрі болашақта зардабын тигізеді. Сондықтан ас мәзірінің дұрыс болғаны аса маңызды.

Ал дұрыс ас мәзірі қандай? Жақында Қазақ тағамтану академиясының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізіп оқушыларға жаңа мәзір әзірлеп шыққан еді. Бірақ оның бағасы қазіргідей 250 теңге емес. Бастауыш сынып оқушыларына 650 теңге, жоғары сынып оқушыларына 950 теңгені құрайды.

Гүлнара Берденова, Қазақ тағамтану академиясының зертхана жетекшісі:

Балалардың ағзасына керекті заттардың бәрі бұл жерде бар. Сүт өнімдері бар. 8 түрлі  салат кіргізілген. Енді бұны дайындау, дайындамау - арендаторларға байланысты.

Олжас Нұржақып, тілші:

Біз келтірген келеңсіз жайттар көлеңкеден қылт ете қалған кемшіліктің бір көрінісі ғана. Ал, осындай олқылықтардың республикамыздың әр өңірінде барына күмәнданатын жан жоқ шығар. Әйтпесе, қоғам белсенділерінің де дабыл қағуы бекер емес қой. Қазір сол белсенділер тағамтану академиясы дайындаған мәзірді Алматыдағы бір мектепте сынақтан өткізуді көздеп отыр. Алдағы оқу жылынан бастап демеушілер көмегімен бірінші сыныптың бірін сапалы, дәмді, дәруменді тағамдармен тамақтандырмақ. Осылайша оқу жылының аяғында сол балалардың үлгерімінен бастап денсаулығын кәдімгі асханадан кәдімгі ас жеп жүрген қалған оқушылармен салыстырып көреді. Бұлтартпас дәйек шықса, сең қозғала ма? 

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».