Демалыс уақыты да келіп қалды ғой, өз еліміздің де түкпір-түкпірін аралап, жерімізді таниық. Мысалы,1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар көне ТАРАЗ!Тарихшылар: заманалар биігінен қарасақ, ежелгі Тараздың біздің ұрпаққа айтары аз емес, ең бастысы, содан тағылым ала білсек болғаны, -деп үндейді. Көне Тараз ұлы өркениеттерді танып, білуге жол ашатын қастерлі де, қасиетті мекеннің бірі! Данияр Әлімқұлдың репортажы да солай аталады.
«Күз... Бұлттар... Жер ғажайып». Тұла бойыңды тұма сезімге бөлейтін бұл сөздер Айша бибі кесенесінің батыс бөлігінде жазылған. Араб тілінде 10 ғасыр бұрын қалай жазылса солай сақталып тұр. Қараханның қалдырған қолтаңбасы, дейді білетіндер.
Нұржан Бексұлтанов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері;
Мынаны терракоталық кірпіштер дейміз, мұнда 62 түрлі ою-өрнек бар. Мұның тағы бір ерекшелігі бұл жәй жапсырмалы емес, қапсырмалы. Яғни, кірпіштері бір-біріне бастырмалы болып қаланған. Жалпы, қабырғасының қалыңдығы 80 см.
Аңыздың айтуынша, аяулы ғашығына асыққан Айшаның аяғына жылан оралып, шағып алады. Ару қыз Аса өзені қасында жылан уынан жан тапсырады. Айша бибіні жылан шаққанда жасы 18-де еді. Сондықтан, Қарахан мен Айша бибі кесенесінің арасы да 18 шақырым. Кезінде Қарахан әулие «Айша бибі екеуміздің кесенеміз бір сызықтың бойында бір-біріне көрініп тұрсын» деп аманат айтыпты деген аңыз бар. Айшасынан айырылған атамыз естелік ретінде ескерткіш тұрғызады. Махаббатына арнап тұрғызған мазардың сызбасын өзі жасаған-мыс. Бүгінде Қараханның қалауымен қабырғасы қаланған кесенеге келушілер көп. Ал, мына саяхатшылар Өзбекстан азаматтары. Олар осы махаббат мавзолейін Үндістандағы Тәж-Махалдан кейінгі сезім символы ретінде тұрғызылған әлемдегі екінші ескерткіш екенін айтады.
Айгүл Жәнібекова, Өзбекстаннан келген турист:
Міне, біз қазақтың төріне зияратқа Ташкент елінен келдік. Мынау Зеңгі атамыздың қызы Айша бибі анамыз. Кесенені махаббат мысалы дейді. Көп елдерді кезіп, 35 адаммен бірге келдік. Айша-бибі туралы Қазақстанда да, Өзбекстанда да көп ел біледі.
Нұржан Бексұлтанов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері:
Алдыңғы күні Швецариядан келіп кетті. Бүгін Германиядан келіп кетті. 3 күн бұрын оншақты адам Италиядан келіп кетті.
Шаһар шетінен орталығына ойыссаңыз Қараханның өз кесенесі қасқайып тұр. Яғни Қараханидтердің өкілі 11-ші ғасырдағы Тараз билеушісі Шах Махмұд Қараханға қойылған. Ол заманында Әулиелігімен әйгілі болған. Тіпті, аң патшасы арыстанды ат орнына мініп, жол жүреді екен. Айта берсек, осылай аңызбен астасқан ақиқаты көп. Ол жайлы 30 түрлі аңыз қалғанындай 30 түрлі кірпішпен көмкерілген кесенесі де келушілерді таңқалдырмай қоймайды.
Тәкен Молдақынов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері:
Жалпы Қазақ даласындағы №1 ескерткіш ол - Ақыртас. Біздің бабаларымыз, кешегі түркілер, көшпенділер кім болды дегенде оған жауап бере алатын жалғыз нысан ол Ақыртас. Олардың құрылыс салуда игерген, материалды өңдеуде игерген жетістіктері ол әлемнің кез-келген ежелгі Риммен де, ежелгі Эллин мемлекетімен де, одан бермен қарайФараондар заманындағы Египет мәдениетімен де үндесіп жатқан мәдениет.
Иә, шаһардан шыға бере шығысқа қарай 40 шақырым жүрсеңіз Ақыртас алдыңыздан шығады. Сан ғасырдың сырын бойын бүккен бұл нысан 8-9 ғасырда салынған. Кейбір зерттеушілер ертедегі үйсіндерденқалған дейді. Тарихшылар мен ғалымдар Ақыртасты 1 жарым ғасырдан бері зерттеп құпиясын аша алмай келеді. Қыздың жиған жүгіндей боп қаланған қызыл тастардың әрқайсысының салмағы 1 тонна. Алып тастарды асқан шеберлікпен 2,5 жарым гектар аумақтағы 70 бөлмеге қалай қаланғаны да құпия. Расында, ақиаты ашылмаған Ақыртас құпиялығымен құнды боп тұрғандай.
Тәкен Молдақынов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері:
Ақыртастың аумағында адамдардың көзіне көрінетін елес, бейнелер... Бұның барлығы осы күнге дейін жұмбақ қалпында қалып келе жатыр. Бұл бір тылсым. Екінші бір ерекшелігі, жаңағы тастарының миллондаған тау тастарының ішінде кездеспеуі. Ол да бір өзінше жұмбақ құбылыс, Ақыртастың ұлылық қасиеттерінің бірі.
Тастарының тұрпатынан Рим Колизейінің сәулетіне тән белгілері де білінеді. Ертеде Ғұндардың тұтқынына түскен римдіктер Тараз қаласын тұрғызғанын тарихтан білеміз. Сондықтан қос өркениеттің құрылыс жұмысында байланыс болғандығы бекер емес. Осындай тағылымы мол Жамбыл жеріне туристерді тарту бәрібір тұралап тұрғанға ұқсайды.Мәселен, Таразда 40-тан астам турфирма тіркелген. Ал ішкі туризммен айналыстатындары бар-жоғы 8 ғана.
Альбина Веймер, турфирма директоры:
Туризм қазір әлемде есірткі және қару-жарақ сату табысынан кейін 3-ші орында тұр. Бүгінде бізге келетін туристер айтарлық көп емес. Мысалы, жолымыз нашар. Сонымен бірге бізге бренд керек. Тарихымыз туралы шетелдерде жарнама жасалуы тиіс. Шетелдік туристер аз сондықтан. Былтыр Чилиден шыққан 2 туристің Түркістан арқылы Таразға келгені бар.
Ал, салаға жауапты мамандар былтыр облыс 200 мыңнан аса турист қабылдады, Таразға ағылған туристер тасқыны 30 пайызға өсті, дейді. Енді облысымыздағы 3 мың ескерткіш ішінен 33 нысанды туризм орталығына айналдыру мақсаты бар. Алайда, ішкі туризмді дамытуға бөлінетін қаржы мардымсыз. Дегенмен бұрынғыдан жақсы, дейді.
Қарлығаш Аралбекова, Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
Биыл бізде шамамен 50 пайызға өсіп жатыр туризм саласына бөлінген қаражат. 150 млн. теңгенің төңірегінде. Бізге келіп жатқан туристердің санын екі есе көбейтеміз десек, әрине 1-2 млрд теңге төңірегінде қаражат керек.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Тараз мыңжылдықтар мекені, Жібек жолының жүрегі. Көпестерден қалған көне шаһарда ертедегі мәдениет пен ежелгі дәстүр тоғысып жатыр. «Көне қала астында көмбе жатыр» деп тасын аршып, тарихын тануға тырыстық. Енді қолда барды қоғамға таныту қалды. Тоғыз жолдың торабындағы Тараз туризімін дамытуға ең азы 2 млрд теңге қажет екен естідік. Ал, бөлінетіні 13 есе аз. Кем дүниенің кесірі жауһарларымызды кең дүниеге танытуға кедергі болып тұрғаны...
Данияр Әлімқұл «Біздің уақыт».