Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Астанада су көлігімен серуендеудің 10-шы маусымы ашылды

AstanaTV
21.05.2018ж. 20:00
3570
Астанада су көлігімен серуендеудің 10-шы маусымы ашылды

Астанада су көлігімен серуендеудің 10-шы маусымы ашылды. Есіл бойындағы Амфитеатр аумағында жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жүріп жатыр. Сол себепті биыл шағын кемеге отыру орны Кенесары ескерткішінің жанынан ашылды. «Астана Есіл» мекемесі басшыларының сөзінше, көпір құрылысы аяқталған соң қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Биылғы навигация маусымында қандай өзгерістер бар? Есіл бойындағы шағын айлақтан тілшіміз Диана Сапарқызы баяндайды.

Қала тұрғындары мен қонақтарына кәсіпорын флотындағы ыңғайлы алты катер қызмет көрсетеді. Оларға жалпы 265 жолаушы сыяды. Серуендеу күндізгі сағат 12 ден түнгі 12 ге дейін жалғасады.  Мекемеде 70 адам қызмет көрсетеді. 6 жыл су көлігін басқарған капитан Бекжан Айымғазиев жыл сайын халық саны артып келе жатқанын айтады.

Бекжан Айымғазиев, «Есіл-Астана» МҚКК қызметкері:

Сезонный жұмыс болғандықтан, жаз айларында Астана тұрғындарына қарағанда, қонақтар көп келеді. Жылда күніне 5-6 рейстен жасап, адам санына әртүрлі теплоходтар бар. Оларға әртүрлі жүргізушілер отырады.

Уақытша бағдар бойынша Есіл өзенінде катермен жүзу ұзақтығы үш шақырым, және ол шамамен 25-30 минутқа созылады. Билет құны 7-16 жас аралығындағы балалар үшін 250 теңге, ересектерге 500 теңге. Бірақ бұл уақытша.

Қанат Әлин,  «Есіл-Астана» МҚКК директоры:

Көпір құрылысы аяқталғаннан кейін «Есіл-Астана» кемелерімен серуен  Кенесары ескерткішінен төмен орналасқан айлақтан бастап Ақ ордаға дейін жалғасады. Бағыт ұзындығы 18.8 шақырым болады. Ересектер үшін билет құны 1000 теңге, ал балалар үшін 500 теңгені құрайтын болады.

Диана Сапарқызы,  тілші:

Қазір мекемеде 14 шағын кеме бар, оның 6-уы жолаушыларға арналған. Мамандардың сөзінше, катерлер тапсырыс бойынша Семейде жасалған. Келушілер саны артқандықтан, биыл тағы екі қайық әкелінеді. Серуендеуден басқа, су көліктерін жалға алуға болады. Оның құны сағатына 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін. Есілде катермен серуендеу маусымы 21 мамырдан 31 қазанға дейін жалғаспақ.