Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астана қатты дауыл соғып, әлеуметтік нысандарға зардабы тиді

AstanaTV
22.05.2018ж. 20:00
6317
Астана қатты дауыл соғып, әлеуметтік нысандарға зардабы тиді

Астанада болған жойқын дауыл бірнеше ғимаратты жайпап кетті. Екпінді жел көптеген әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қабырға жабындыларын ұшырған. Ал, құрылыс алаңында биіктігі 50 метрден асатын алып кран құлады. Аулаларда тұрған көліктер жарамсыз күйге түсті. Астананың коммуналдық қызметі жедел түрде күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен. Дауылдың салдары туралы әріптесім Дәуренбек Бақдәулетұлы айтып береді. 

Дүлей дауыл әп-сәтте Астананың астаң-кестеңін шығарды. Әлеуметтік желілер тұрғындар түсірген видеолар мен фотоларға толы. Желдің екпіні күшті болғаны сонша, алып құрылыс кранын сұлатып түсірді. Абырой болғанда, құрылыс техникасынан зардап шеккендер жоқ.

Еске салсақ, 2015-ші жылы Мекке қаласында осындай кран құлап 100-ден аса адам көз жұмған.  200-ге жуығы зардап шеккен еді. Сондықтан алып мұнараның құлауы адамдар арасында айтарлықтай үрей туғызды

Мына көпқабатты үйлер орналасқан аумақтағы тұрғындар екпінді желдің кесірінен шаш етектен шығынға ұшырады. Кемінде 7 көлік жоғарғы қабаттан құлаған қабырға жабындысы мен кондиционер құрылғысының астында қалып қойған. Қазір ПИК қызметкерлері барлығын жылдам қалыпқа келтіру үшін әбігер болып жатыр.

Мына жақтан үшеу, арғы бетте төртеу. Иелері көрген шығар, біреуі мына паркингке кіргізіп қойды дейді, біреуі мынаның арғы жағында тұр. Қорқынышты болды ғой. Арғы бетте төбеден бірдеме құлады. Қазір жинап жатыр.

Дана, қала тұрғыны:

Барлығы құлай бастады. Кірпіштер, мынандай жабындылар да бар. Мен  жүгіріп жақын маңдағы дүкенге кіріп кеттім. Шаң-тозаң араласқан дауылдан ештеңе көрінбеді. Өте қорқынышты болды. Менің тіпті қазірге дейін  қорқып тұрмын.  Өтіп кеткенім сол еді, артымнан үлкен плита келіп құлады.

Оқыс оқиғалардың салдары туралы қала тұрғындары 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы "komek" мониторинг және жедел әрекет ету орталығына хабарлай алады. Ал, ТЖ мамандары зардап шеккендер бойынша қосымша ақпарат беретінін айтты.

Аягөз Фазылова, Астана қаласы ТЖД ресми өкілі:

Қазгидрометтің хабарлауынша, күндіз жаңбыр болады, бұршақ болады деп берілді. Желдің күші 15 м/сек-қа дейін болады делінген. Жалпы, нақты айта алмаймын, тек 300-ге жуық дабылды қоңырау келіп түсті. Қаншалықты зардап шеккені туралы қосымша хабарлаймыз.

Мұнан бөлек, бірнеше балабақша, тұрғын үйлердің шатыры жұлынған. Бейбітшілік және келісім сарайының шыны жабындыларына айтарлықтай зақым келді. Сонымен қатар қатты желге шыдас бермеген Ұлттық мұражай мен өзге де әлеуметтік маңызы бар ғимараттардың біразы бүлінді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қазгидромет өкілдері  секундына 15 метр жылдамдықта жел соғатынын болжаған. Алайда, дауылдың күші 23 метрге жетіпті. Бұл қауіпті құбылыс болып саналады дейді мамандар. Жойқын желден соң Астананың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.  Жедел жәрдем қызметіне хабарласқан тұрғындар да бар.