Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Атырауда қос жасөспірім лифт шахтасына құлап қаза тапты

AstanaTV
22.05.2018ж. 20:00
3795
Атырауда қос жасөспірім лифт шахтасына құлап қаза тапты

Атырауда жеделсатыда мертігіп қаза тапқан жасөспірімдер ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бұл туралы қалалық ІІД мамандары хабарлады. Кеше кешкісін шахардағы зәулім үйлердің бірінде екі жеткіншек жоғарғы қабаттан лифт шахтасына құлап көз жұмған еді. Қайғылы оқиғаға орай тексеру басталған. Қылмыстық Кодекстің 278-ші бабының 3 бөлімі, яғни «абайсызда екі немесе көп адамның өліміне  соқтырған іс-әрекет» дерегімен іс қозғалған. Сондай-ақ, арнайы сараптама тағайындалды.  Оқыс оқиғаның жай-жапсарын әріптесім Базаргүл Нәдірқызы тарқатып айтады.

Қайғылы оқиға кеше кешкісін осы 15-інші қабатта орын алған. Жұмыс істемей тұрған жүк лифтісін ашып көрмек болған екі жасөспірім абайсызда құлап кеткен. Оқиғадан кейінде қауіпсіздік шаралары әлі де алынбаған. Жүк лифтісі жартылай ашық тұр.  К\с: Тұрғындар қайғылы жағдайдан әлі ес жия алмай жүр. Олар марқұм болған балалардың бұл үйде тұрмағанын айтады. Туыстарына қонаққа келген болуы мүмкін. Куәгерлердің сөзінше, жедел жәрдемді шақыру да оңай болмаған көрінеді.

Есікті ашсам, бір орыс келіншек мына жерде «помогите» деп, көршілер де келген. Мен есікті қайта жаптым ананы көре алмай. Екі баланы шығарған. Екі бала ол кезде тірі болды. Одан кейін скорый келіп болған жоқ. Скорый шақырдық, линия занят болды. Сасқанымнан 102-ге звондадым, скорый занят болып жатыр деп, олар біздің неміз жоқ, скорыйға звонда деді.

Алмагүл шағын ауданындағы зәулім көпқабатты үйге 15 жастағы қос жеткіншектің не мақсатта келгені тексеріліп жатыр. Жүк тасуға арналған лифтінің шахтасына құлаған екі баланың бірі оқиға орнында қаза тапса, екіншісі ауруханаға жеткізілген. Өкініштісі, ақ халаттылар оның да өмірін сақтап қала алмады. 

Бауыржан Ахметғалиев, Атырау облыстық ауруханасы директорының орынбасары:

Бүкіл емдеу-диагностика шаралары бәрі өткізілді. Науқас жан сақтау бөлімшесіне көтерілді. Бірақ, өкінішке орай, 1 сағаттың ішінде ол науқас қайтты. Травмы несовместимые с жизнью дейді ғой, сондай. Бүкіл дене травма алған.15 этаждан құлаған бала енді қалай? Сау жері жоқ.

16 қабатты үй 2007-ші жылы салынған. Арада 5 жыл өткенде тұрғын үйге қызмет көрсетіп тұрған қос жеделсаты да істен шығады. Тек 2013-ші жылы адамдарды таситын шағын жеделсаты, жаңғырту бағдарламасымен жөнделіпті. Ал, жүй лифт сол күйі жабық тұрған. Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, жеделсаты тұрғындардың иелігінде. Ал олар жеке-жеке «Каспий лифт» мекемесімен келісімге отырған көрінеді.

Талғар Хабибуллин, Атырау қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

19-шы үйге байланысты «Каспий лифт» мекемесімен әрбір тұрғын жеке-жеке келісім-шартқа отырғызылған. Хабарласып, сөйлесіп жатырмыз, Головной офисы Алматыда қаласында. Қала әкімдігі өкімімен жұмысшы комиссиясы құрылған. Қазіргі уақытта барлық лифтілердің жағдайларын анықтап, қайсысы жұмыс жасайды, қайсысы жұмыс жасамайды, анықтап, бәрін шығаратын болады.

Жеделсатыға жауапты алматылық мекеме өкілдерімен тілдесу мүмкін болмады. Ал атыраулық шенеуніктер өткен айда ғана Ақтөбе қаласында орын алған қайғылы оқиғадан сабақ алмағанға ұқсайды. Жасөсірімдердің қазасынан кейін ғана шаһардағы барлық лифтілерді тексеру қолға алынбақшы. Төтенше жағдай қызметінің мамандары қалада 94 көп қабатты үйде 266 жеделсаты бар екенін айтты. Оның 32-сі істен шыққан.