Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Қызылордада кәсібін дөңгелеткен бизнесмендер тәжірибесімен бөлісуде

AstanaTV
25.02.2016ж. 20:00
2512
Қызылордада кәсібін дөңгелеткен бизнесмендер тәжірибесімен бөлісуде

Кәсіпкерліктің қыр-сырын тегін үйрету. Қызылордада белгілі бизнесмендер кәсіп ашамын дегендермен кездесіп, тәжірибесімен бөлісуде. Дәрістер теория жүзінде де, іс жүзінде де жүреді. Тілшіміз Шарипа Сақтапова есепшіні наубайхана ісі қалай қызықтырғанын біліп қайтты.

Нан пісіру шебері Марат Ширтаевтың әрбір қадамын  оқушысы Әйгерім Нұрманова мұқият қайталауға тырысуда. Он жылдық тәжірибесі бар есепші жеке наубайхана ашуды жоспарлаған. Өйткені нан қашанда сұранысқа ие. 

Марат Ширтаев, наубайхана технологы:

Алғашқы жарты жылда өте ауыр болады, сабырлық керек. Сосын ақырын-ақырын табысқа да қол жетеді. Сапалы өніммен ғана нарықты жаулап алуға болады.

Әйгерімді нанды әзірлеу барысы қызықтырады. Жаңа піскен нанның иісіне жетер керемет нәрсе жоқ. Соның өзі ісіңе береке әкеледі, - дейді ол.

Әйгерім Нұрманова:

Мен шағын наубайхана ашуды жоспарлап отырмын. Осы күнге дейін мұндай жерге кіріп, ішкі асханасымен таныспағанмын. Тек теледидар немесе интернеттен көргенім бар. Маған ұжымдағы адамдардың өз жұмысын  үйлесімді атқаратыны ұнады. Сосын жабдықтаулары да маңызды екенін байқадым. 

Әйгерім сынды жаңа кәсіп иесі болуды армандағандар қазір баспахана, құрылыс, мейрамханалар мен сұлулық салондарында дәріс алуда. Болашақта киім технологы болғысы келетін Гаухар Сұлтанғали белгілі тігін шеберханасының қожайыны Майра Жұбаназаровадан дәріс алып жүр.

Гаухар Сұлтанғали:

Мен болашақта осындай тігін шеберханасын ашқым келеді. Бұл бизнесті бастауда қандай қиыншылықтар бар, қандай жоспарлар жасау керек екенін осының барлығын Майра апай үйретуде.

Майра Жұбаназарова, тігін шеберханасының иесі:

Жақсы тігінші болу үшін, өз саласын жақсы көру керек. Ісінің бәрін, қалай істеу керек, бәрін жақсылап үйрену керек. Сосын, біріншіден, клиентпен жақсылап жұмыс істеу керек.

Жаны қалаған іспен айналысқысы келетіндердің сол салада машықтанған кәсіп иелерінен үйренуіне осылайша жағдай жасалып отыр. Ол үшін аймақтық кәсіпкерлікті дамыту орталығына тіркеліп, тәлімгерге жолдама алу қажет. Қазір отыздай жас маман үйренуді бастаған. Оған қоса, 60-қа жуық өтініш қаралу үстінде. Соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға негізделген сегіз жоба қолдауға ие болды. 

Шарипа САҚТАПОВА