Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Көктем самалы – Самал Еслямова! /// Обамалар отбасы фильмдер түсірмек.

AstanaTV
26.05.2018ж. 20:00
2354
Көктем самалы – Самал Еслямова! /// Обамалар отбасы фильмдер түсірмек.

Канн кинофестивалінде режиссер Сергей Дворцевой түсірген «Айка» фильмінде бас кейіпкерді сомдаған қазақстандық актриса Самал Еслямова «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы атанғанда қуанбаған қазақстандық жоқ шығар. Самал Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Аралағаш ауылында дүниеге келген. Кеше теріскей билігі оған 3 бөлмелі пәтер тарту етті. Туған жеріне оралған актрисаны қызылжарлықтар құшақ жая қарсы алды.

Самал «Айка» киносының сырын ашты. 6 жыл түсірілген фильмге Самал әбден дайындалған. Әлі дүниеге бала әкелмеген актриса ананың шығармашылық кейпін қалыптастыру үшін перзентханаға барған. Ал Канн байқауында «Айка» киносының дұрыс монтаждалмаған нұсқасы жарияланған екен. Фестивальге дайындық кезінде шығармашылық топтың жанталасқаны сонша, фильмнің даусы мен бояу параметрлері нақышына келтірілмеген. Жалпы, бұл кинотуынды жұртшылық назарына қыркүйек айында ұсынылмақ. Аты төрткүл дүниеге жайылған жас актриса қазір шетел режиссерларынан түрлі ұсыныс түсіп жатқанын хабарлады. Алайда Самал әлі таңдау жасамағанын айтты.  

Самал Еслямова, Канн кинофестивалінің жеңімпазы:

Мен осы күнге дейін таныс режиссермен жұмыс істеп келдім. Бірақ қазір жан-жақтан ұсыныстар түсіп жатыр. Енді маған жеке агент қажет болып тұр. Менің алдағы шығармашылығымды сол агент шешетін болады. Жалпы, мен бастапқыда тілші болғым келді. Бірақ арманым орындалмады. Мен Ресейдің театр шығармашылығы институтында 4 жыл оқыдым. Сол студенттік шағымда «Айка» киносына шақырту алдым. Онда жас ананың рөлін сомдауым тиіс болатын. Бірақ баланы енді туған ананың қимыл-әрекетін келтіру қиын. Маған үздіксіз бейнеттен шаршаған әйелдің кейпін көрсету керек болды. Ол үшін түсірілім алдында бірнеше шақырым жүгіріп отырдым. Кейін рөлімді сол ентіккен қалпымда ойнап жүрдім.

Сергей Дворцевоймен 2003 жылы танысқан. Оның «Тюльпан» фильміне түсіп, 3 баласы бар 27 жастағы ананың рөлін сомдаған... «Айка» киносы туралы сәл толығырақ. Сергей Дворцевой 200 қырғыз қызының өз нәрестесін перзентханада тастап кеткені жөнінде оқыған. «Айка» – Мәскеуде босанған баласын перзентханаға тастап кеткен қырғызстандық мигрант қыз туралы драма. Ресей астанасында заңсыз жұмыс істеп жүрген қыздың аяғы ауыр болып қалады, ол дүниеге әкелген сәбиін перзентханада қалдыруды ұйғарады. Бірақ кейін аналық сезімі жеңген Айка тастап кеткен ұлын іздей бастайды... Фильмнен бірнеше минуттық үзіндінің өзі және Самалдың өмірдегі көзі, оны фальштан барынша ада деп топшылатады. Табиғи болмысын барынша сақтай білген адал Адам деп ойладым. Оның «бұл ұжымның бірлесе істеген жұмысы, сондықтан жүлденің жалғыз маған ғана бұйырғаны сәл өкінішті. Мен күніне 5 сағаттан ұйықтасам, режиссер 2-ақ сағат қана мызғып алып жүрді. Сондықтан оның да еңбегінің бағаланғаны дұрыс деп санаймын», деуінің өзі соған дәлел.

Самал әңгімесін «шығармашылықтың аясы кең, мен бір жерде ғана жұмыс істеймін деп өзіме шектеу қоймаймын. Тіпті Жаңа Зеландияда киноға түсуге дайынмын. Бірақ азаматтығымды өзгерту ойымда да жоқ. Қазақстанның демографиясын арттыру керек», деп аяқтаған.

Ал АҚШ-ң 44-президенті Барак Обама мен жұбайы Мишель ханым Netflix компаниясымен келісім-шартқа отырған. Фильмдер мен телебағдарламалар дайындап, интернетте көрсететін компания. Обамалар әр түрлі тақырыпта фильмдер мен сериалдар түсірмек. Негізінен деректі және ғылыми-көпшілік тақырыпта шығар. Олар кадрден тыс ғана емес, кадрде де бірге және бөлек-бөлек жұмыс істейтін көрінеді. «Мемлекеттік аппаратта қызмет еткен кезде бізді ерекше қуантатын шақ - әр түрлі салада істейтін тамаша адамдармен кездесу болатын. Оларға өз тәжірибесімен көпшілікпен бөлісуге жәрдемдесу бізді рақаттандыратын. Сондықтан Мишель екеуміз Netflix-пен әріптесе отырып, адамдарды жақындастыратын талантты жандарды шығаруға көмектесеміз деп үміттенеміз», деген Барак Обама. Идеалист болуға болмайды, дегенмен Барак Обаманың ниетіне біртүрлі сенесің...