Шағын және орта бизнесті қолдау енді тек кәсіпорын санын арттырумен шектелмеуі керек. Бастысы - кәсіпкерлердің тұрақты жұмыс істеп, өндірісін кеңейтуіне және шағын бизнестен орта деңгейге көтерілуіне жағдай жасау. Президент Жолдауында осы бағыттарға басымдық берілді. Құрылтайдың салалық комитетінде депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдері тапсырмаларды жүзеге асыру тетіктерін талқылады. Жиында кәсіпкерлерге қолжетімді қаржыландыру ұсыну, салықтық кедергілерді азайту, мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейту және отандық өнімді өткізу нарығын дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу бастамасы да назардан тыс қалмады. Депутаттар кәсіпкерлерге еркіндік берумен қатар, қоғам қауіпсіздігіне қатысты бақылау тетіктерін сақтау қажеттігін айтты.
НҰРЛАН ТОЛЫБАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Шағын мен микробизнестерге 3 жылдық мораторий жариялаймыз деп жатырмыз ғой. Бірақ оның бәрін біз бүгінгі таңда құрылтай депутаттары үкіметпен бірлесіп, бәрін ойланып, қалайда дұрыс болады, қалайда бұрыс болады, соның бәрін біз қарауымыз керек. Мүлдем мемлекеттің бақылауын алып тастау ол дұрыс емес. Әсіресе өрт жағынан, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігі жағынан мемлекеттің бақылауы ерекше керек.