Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған құжатқа қол қойды

AstanaTV
24.05.2018ж. 20:00
2960
Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған құжатқа қол қойды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жария түрде қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған құжатқа түсінік беріп өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кәсіпкерлер заңның мән-мағынасын білуі керек. Шағын және орта бизнесті дамыту еліміздегі өте маңызды талаптардың бірі. Сондықтан мен Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап бұл мәселені қолға алып, ылғи реттеп келемін. Кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келгенімізді білесіздер. Бизнес пен билік арасында серіктестік қатынастар орнату маңызды міндет болып саналады. Сол арқылы кәсіпкер қауымының мемлекетке деген сенімі арта түсетін болады.

Кәсіпкерлер мөр басудан біржола құтылды. Бұдан былай қандай да бір органның бизнес өкілінен мөр талап етуге құқы жоқ. Президент қол қойған су жаңа заңда бұл да қамтылған. Дамыған елдерде мөр басу деген ұғым жоқ. Жалпы ауқымды заң бақылау және қадағалау бағытында көптеген өзгерістерге толы. Кәсіпкерлерді тексеру үшін профилактикалық бақылау ұғымы енгізіледі. Бұрынғыдай бірден жазалау болмайды. Босаңсып кетуге де жол жоқ.

Асыланбек Жақыпов, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары:

Егер осы құқық бұзушылық өрескел болса, ол нұсқау беріп, нақты мерзім беріп, егер осы құқықбұзушылық жойылмаса, бақылаудан тыс тексеріспен келіп, оны жазалау мүмкіндігі бар.

Заң жобасы бір жыл бойы пысықталды. Нәтижсінде 23 заңға 1000-ға жуық өзгеріс енгізілді. Кез келген органның кәсіпкерді тексеру мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқарды. 544 мемлекеттік функция 114-ке кеміді,яғни 430 ға түсті. Заңнамалық актілерді өзгерту арқылы енді оны 160-қа қысқарту жоспарда бар. Министрлік бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша "Дуинг бизнес" рейтингінің отыздығына кіруді көздейді. Былтыр 36-шы орында болған.