Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мектептерде соңғы қоңырау соғылды

AstanaTV
25.05.2018ж. 20:00
5241
Мектептерде соңғы қоңырау соғылды

Бүгін мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Еліміздегі барлық білім ошақтарында салтанатты шаралар өтті. Биыл 147 мыңдай оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшты.  Алматыда 9 мыңнан астам мектеп бітіруші болашаққа қадам басты. Бұл былтырғыға қарағанда 2 мыңға артық. Соңғы қоңырау Елордада да бар сән-салтанатымен аталып өтті. Тілшілеріміз білім ұясымен қимай қоштасқан балғындармен тілдесіп қайтқан еді. Алдымен Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаттында болған Ришат Асқарбекұлы сөз алады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қазақ әншілерінің киелі шаңырағы саналатын мектеп ұжымы биыл 28 түлекке сәт сапар тіледі. 500-ге жуық оқушы үшін дәстүрлі соңғы қоңырау соғылып отыр. Күләш Байсейітова атындағы дарынды балалар мектеп-интернатын да білім саласындағы реформалар айналып өтпеген. Мұнда негізгі пәндер үш тілде оқытылады. Ал музыка теориясы пәндерінің бәрі ағылшын тілінде өтетін болған. Бұл түлектер арасында шетелде білімін жалғастыруға мол мүмкіндік ашады.

Оңдасын Абдуллаев, К.Байсейітова атындағы дарынды балалар музыкалық мектеп-интернатының директоры:

Мынау музыка деген нәрседе мамандар бір талдап қана шығады. Жүз баланың ішінен бір-екі бала шығар дарынды. Солардың бәрін 12 жыл оқытып, одан ЖОО бітіргенше 17-18 жыл өтеді. Мен 1953 жылдан бері осы мектепте кім бітірді, қандай дәрежеге, атаққа жетті, бәрін біліп, бақылап отырамын.

Биылғы оқу жылында мектептен 160 тәлімгер халықаралық және әртүрлі дәрежедегі лауреат атанған. Әлемді мойындатқан Гаухар Мырзабекова, Жәния Әубәкірова, Айман Мұсаходжаева және Марат Бейсенғалиевтар осы мектепте білім алды. Одан тыс эстрада, халық музыкасы бойынша да жетісткерге жеткен танымал әншілер - аталған білім ордасының түлектері. Жақында мектеп ұжымы 70 жылдық мерейтойын атап өтті. 

Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі:

Енді бұл балалар, Бәйсейітова мектебін бітірген балалар - ерекше балалар. Себебі бұл мектептің түлектері дүниежүзіндегі конкурстарда өздерін жоғары кәсіби музыкант ретінде көрсетіп жүр. Менің үлкен ұлым Әли де осы мектепті бітірген қызыл дипломға, қазір міне екінші ұлым да аяқтап жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Айта кетейік, Алматы қаласының мектеп бітірушілері Бірыңғай ұлттық тестілеу бойынша соңғы 6 жылда ең жоғарғы көрсеткішпен алда келеді. Енді бітірушілер маусым айында басталатын жоғарғы оқу орындары түсу емтихандарына қызу дайындыққа кірспек. Соңғы қоңырау салтанаты Астанада қалай өткенін әріптесім айтуға дайын. Диана, сөз кезегі сізде. 

Диана Сапарқызы, тілші:

Иа,  Ришат.  Астанада  биыл 5 мыңнан аса түлек мектеп бітіріп жатыр. Олардың 277- сі «Алтын белгіден», 300 -ден аса түлек Қызыл куәлік алудан үмітті. Солардың бірі - Ботагөз Мамыт. Ол алдағы сынақтардан сүрінбей өтетініне сенімді. Келешекте инженер мамандығын таңдаймын деген жоспары бар. Еліміздегі құрылыс саласының өркендеуіне үлес қосқысы келетінін айтады.

Ботагөз Мамыт, түлек:

Өте қатты толқып тұрмын. Бүгін 25 мамыр біздің соңғы қоғырау күніміз. Сондықтан өте ерекше сезім - мектепппен қоштасу және алдағы сынақтардан өту.

Бүгін Қазақстан бойынша 147 мыңнан аса түлек мектеп бітіріп отыр. Олардың арасында «Алтын белгіге» үміткерлер саны 7 мыңға жуықтайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын 102 мыңнан аса түлек тапсыратын болады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Астананың Білім басқармасы өкілдерінің хабарынша, биыл жалпы қалалық бітіру кештері қарастырылмаған. Ал түлектер үшін салтанатты балл өткізілетін орынды таңдау ата-аналардың еркінде. Елордалық түлектер орта мектепті бітіргені туралы кәуліктерін 15 маусымда алады.