Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

«KADEX - 2018» көрмесінде 100-ге жуық меморандум мен келісімдер жасалды

AstanaTV
28.05.2018ж. 20:00
2985
«KADEX - 2018» көрмесінде 100-ге жуық меморандум мен келісімдер жасалды

Астанада төрт күнге жалғасқан «KADEX - 2018» көрмесінде құны 300 миллиард теңге болатын 100-ге жуық меморандум мен келісімдер жасалды. Әскери техниканың әлеуеті көрсетілген шараның мақсаты да осы болатын. Екі жылдықтың басты әскери көрмесіне 48 ресми делегация өкілдері қатысып, ғарыш қызметі мен киберқауіпсіздік турасында ой біріктірді. Ал, көрменің соңында кез-келген адам әскери техниканың ең үздік үлгісін көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік алды. 

Елдің шекара шебін қорғайтын әскері қуатты болса, бейбітшілігі тұрақты болмақ. Геосаяси тұрақсыздық пен қақтығыстар көбіне қорғанысы сыр берген мемлекетте болады. Сондықтан шекарасын шегендеп алған ел, оны сақтау үшін бар мүмкіндікті жасауы тиіс. Қазақстан бұл орайда әскери қажеттіліктің 70 пайызын қамтып отыр. Ал, өзгесі тиісті келісімдердің арқасында басқа елдерден жеткізіледі. Мысалы, бауырлас Түрік елі Қазақстанмен жан-жақты қарым-қатынасты күшейтуге ниетті. 

Исмаил Башыигит,  "MILSOFT"  компаниясының бас директоры, Түркия:

Көрмеге келудегі басты мақсатымыз - су айлақтарының жаңа моделін шығаруда әріптестік орнату. Бұл орайда Қазақстан таптырмас алаң ұсынып отыр. Бұл елде де кеме шығаратын компания бар екені мәлім. Осы орайда бірлесе жұмыс істеуге әрекет ету керек. Көрме сондай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

V халықаралық Кадекс көрмесі Қазақстандағы ғарыш саласының 25 жылдығын арқау еткен. Сондай-ақ киберқауіпсіздікке ден қойылды. Көрмеге әлемнің 28 мемлекетіндегі 318 компанияның өнімдері қойылған. Барлығы 10 павильон бар. Оның ішінде Ресей, Қытай мен Түркия өз ұлттық павильонын ұсынды. Біздің елімізден «Қазақстан инжиниринг», «Қазақстан Парамаунт инжиниринг», «Қазтехнология» мен Ғарыш саласына жеке павильон берілген. Көрменің соңғы күнінде келушілер үшін есік ашық болды. Әскери техника саласымен әуестенетіндер озық технологияларды тамашалауға мүмкіндік алды.

Бұл біздің болашақ үшін ұйымдастырылған көрме. Жетістіктерінің бәрін көріп жатырмыз.

Балаларым әскери техниканы қатты ұнатады. Қазір өздері оқып-білген техникаларды көзбен көруге мүмкіндік алды. 

Екі жылдықтың басты әскери көрмесінің қорытындысы бойынша 100-ге жуық маңызды келісім жасалды. Олар қорғаныс-өнеркәсіптік кешен, ғарыш қызметі саласы мен киберқауіпсіздікті сақтау, әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға бағытталған.