Лифтке қатысты дау енді Алматыда орын алды. Жаңадан салынған көп қабатты үйдің тұрғыны жеделсатыға қамалып қалған. Абырой болғанда, ол аман қалды. Ал лифтлерге қызмет көрсететін компания өкілдері зардап шеккен азаматтан ірі көлемде өтемақы өндіруге бекініп отыр. Жедел сатыдан ақау шыққан үйдің тұрғындары жағдайдың күрделі екенін айтып, бір жыл бұрын тиісті органдарға хат жазғанымен, шара қолданылмапты. Тараптарды Ришат Асқарбекұлы тыңдап қайтты.
Әдеттегідей 5 қабаттағы пәтеріне көтерілу үшін лифтке мінген тұрғын төртінші қабатқа келгенде көтергіштің кілт тоқтағанын айтады. Ал, екі минуттан соң, кабина төмен қарай құлдилай жөнелген.
Байболат Баймахамбет, Алматы қаласының тұрғыны:
Қабырғасына қарадым, ескерту бар ма, ереже бар ма? Ондай ештеңе жоқ. Сөйтті де, лифт төмен қарай кетті, зуылдап кетті. Сосын мен аяғымның ұшымен тұрдым, сосын «тарс» ете қалды, шаң-тозаң басыма құйылды.
Апатты жағдайға тап болған соң, жолаушы ұялы телефонымен жақындарына хабарласуға әрекеттенген. Алайда байланыс болмапты. Ол ешкім көмекке келмеген соң, ішкі есікті күшпен бұзуға мәжбүр болған. Кабинадан сытылып шыққанымен, паркингке баратын сыртқы есік жабық болды деді. Ол жерде 45 минут қамалып отырған
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Оқиға былтыр 2017 жылы әкімдіктің тасырмасымен салынған мына үйде орын алған. «Ветхое жилье» бағдарламасының аясында пайдалануға берген көпқабаты үйлерге Қытайда өндірілген жеделсатылар орнатылыпты. Тұрғындардың айтуынша, қоныстанған күннен бері мұнда лифтінің проблемасы басталған екен.
Өзге тұрғындар үй жаңа болғанымен, лифтінің жиі бұзылатынын айтады. Осы жылдың басында тұрғындар қала әкімі мен аудан прокурорының атына хат жазып, тексеру жүргізуді сұраған.
Он бесінші этаждан міндім, сосын 16 этажға барып тоқтап қалды, сыртқы есік жабық, ал ішкі есігі салқылдап тұрды. Жарты сағат отырдым ішінде.
Нақты осы үйдегі лифтке техникалық қызмет көрсететін компания өкілдері болса, тұрғын қарапайым ережелерді сақтамаған, дейді. Кәсіпорын басшысы, жапа шектім деген азамат ортақ мүлікті бүлдіргені үшін жауап беруі керек, деген пікірде. Бүлінген жеделсатыны жөндеуге 400 мың теңгедей қаражат керек деп отыр.
Нұрлан Иманғалиев, «Лифт инженеринг» компаниясының бас директоры:
Ол кісі өз еркімен шығуға талпынған, талап бойынша апаттық қызметті күтуі керек. Кабинаның ішінде ілінген нұсқау қағазында шахтаға шығатын есікті күшпен ашуға тиым салынғаны жазылып тұр. Осылайша азамат өз өміріне қауіп төндірген.
Қазір апатты лифт жабық тұр. Қызмет көрсететін мекеме Қытайдан қосалқы бөлшектерге тапсырыс бермекші. Айта кетейік, кеше ғана еліміздегі лифт қызметкерлерінің қауымдастығы әкімдікпен бірігіп алдағы үш айда Алматыдағы барлық лифт жүйелерін тексеруден өткізетінін мәлімдеген. Ал, өткен аптада ғана Атырауда екі жасөспірім лифт шахтасына құлап ажал құшқан еді.
Ришат Асқарбекұлы