Қазақстанда сусамырға шалдыққандар көрсеткіші дабыл қағарлық деңгейге жетті. Биыл Қант диабетінің ұлттық регистрінде 330 мың адам тіркелген. Осыдан он жыл бұрын ол екі есеге аз болған. Мамандардың сөзінше, сусамырға шалдыққан, алайда емдеу мекемелерінде тіркелмегендер де жетерлік. Сондай-ақ бұл ауру жыл санап жасарып барады.
Қант диабеті бүгінде әлеуметтік-медициналық, тіпті экономикалық проблемаға айналған. Себебі науқастарды тегін емдеуге жыл сайын бюджеттен 3,5 млрд теңге қаралады. Мамандар диабетке шалдығу жаңа туған нәрестелер, жасөспірімдер мен әйелдер арасында көбейгенін айтады.
Статистикаға назар салсақ, дүниежүзінде 310 млн адам қант диабетімен ауырады. Ал қазақ жерінде сусамырдан зардап шегіп жүргендер саны соңғы он жылда екі есеге артқан. Қант диабетінің ұлттық регистрінде диабетке шалдыққандарды есепке алатын мәліметтер базасында жылына 500 адамның аяқ-қолына ампутация жасалатыны көрсетілген. Бұл дерт көз, жүрек, бүйрек және неврологиялық ауруларды қоздырады. Сондықтан дәрігерлер мамандандырылған медициналық көмекке назар аудару қажет деп отыр. Халықаралық тәжірибеде сусамырды емдеуде эндокринологтармен қатар офтальмолог, кардиолог және неврологтарды жұмылдыру жолға қойылып жатыр.
Жанкентхан Абылайұлы, медицина ғылымдарының докторы, ҚазҰМУ профессоры:
Бізде де көзі көрмейтін науқастар көп. Көзіне қан құйылып кеткендіктен, көрмей қалады. Сондықтан бүгінгі біздің конференцияда көз дәрігерлері, офтальмологтар мамандандырылған көмек көрсетеді.
Науқастар санының көбеюіне ауруын жасыру үрдісі себеп. Профессордың айтуынша, емдеу мекемелерінде тіркелмеген 300 мыңға жуық адам бар. Олардың көбі жұмысынан айырылмау үшін дертін жасырады. Әсіресе, мемлекеттік қызмет, ішкі істер органдары мен әскери сала мамандары арасында кездеседі. Одан тыс диабетиктердің көлік жүргізу құқығын шектеу деректері де жоқ емес көрінеді.
Фируза Сәрсенбаева, науқас:
Егер қанты түсіп кетсе, көлік жүргізіп отырғанда ДТП-ға түсуі мүмкін. Сондықтан көп жағдайларда рұқсат бермейді. Бірге жұмыс істейтін әріптестерім біледі. Неше түрлі нәрсе болып қалуы мүмкін ғой. Талып қалсам, олар алғашқы көмек көрсету керек екенін біліп жүреді.
Десе де науқасына байланысты жұмысшының құқығын шектеу денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығымен реттеледі. Заңгерлердің айтуынша, қант диабетіне шалдыққандарға жүргізуші куәлігін бермеу немесе жұмысқа алмау заңға қайшы.
Сергей Уткин, заңгер:
Сырқатқа шалдыққаны үшін жұмыстан шығару, жүргізуші куәлігін бермеу адам құқығын шектеумен тең. Ондай жағдайға тап болғанда, жұмыс берушіден ресми хат талап ету керек. Соның негізінде құқығыңызды сотта қорғай аласыз.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Дүние жүзінде қант диабеті эпидемиологиялық сипатқа ие болды. Деректерде 1985 жылы 30 миллион адам осы аурудан зардап шеккен. Ал ол қазіргі қарқынын баспаса, сусамыр ауруына 2030 жылы жарты миллиард адам шалдықпақ, дейді мамандар.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ