Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Жер-жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

AstanaTV
31.05.2018ж. 20:00
5083
Жер-жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Алматы облысында жазықсыз құрбан болған бабалар рухына арналып мұражай құрылысы басталды. Бұл туралы саясаттың салқынынан қуғынға ұшырап, көз жұмған боздақтарды еске алған жиында белгілі болды. Жыл сайын дәл осы күні өңірдегі Жаңалық ауылында құрбандарды еске алу шарасы өтеді. Биыл да сол қасиетті борышқа айналған қаралы жиын қаза болғандарды бір сәтке қайта тірілтті. Қарағанды облысында да митинг өтті. Ал Ақтөбеде ескерткіш орнатылды.

Алматы маңындағы 4 жарым мыңнан аса саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген Жаңалық ауылына халық көп жиналды. Олар жазықсыз жазаланаған жандарға арнап қойылған ескерткішке тағзым етті.

Озбыр саясат құрбандарына осы маңда мұражай құрылысы да басталған. Онда Ұлт қайраткерлерінің ерлігі, жүрген жолы, биік рухы насихатталмақ. Зұлмат жылдардың ызғырығын аңғартатын тарихымызды зерттеу, жоғымызды түгендеу енді басталды дейді, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы. 

Жұмабек Ашуұлы, Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы:

Өзіміздің өткен қаралы тарихымызды зерттеу енді басталды. Бізде көп нәрсе әлі ашылмай жатыр. Сондықтан да мынадай мұражайлардың ашылуы  соған сеп болады. Осы мұражайда үлкен орталық жұмыс істейді деп отырмыз. Сол орталықта ғылыми жұмыстар, зерттеулер жүргізіледі.

Бұл бастамаға әсіресе қыршын кеткен боздақтардың ұрпақтары қуанды. Олар өз бабалары туралы мәліметтер бір жерде сақталса дейді. Ұмытылған есімдер қайта жаңғырады деген сенімде.

Амангелді Мұстафин, Б. Майлин қорының мүшесі:

Кішкентай балалар осы оқиғаны білсін, тарихта осындай қиын болғандарын ұмытпасын деп арнайы келіп тұрамыз. Әрине, қазіргі жастар көбісі ұмытылып жатыр, білмейді. 

Олжас Нұржақып, тілші:

Мұражай құрылысына жергілікті бюджеттен 288 миллион теңге қаражат бөлінген. 535 шаршы метр аумақта бой көтермек. Ал музей осы жылдың қарашасында қолданысқа берілмек. Ит жеккенге айдалып, атылып кеткен боздақтарды Ақтөбе жұртшылығы да еске алып жатыр. Бұл туралы әріптесім Жақсыбек айтып беруге әзір.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Иә, Олжас! Дәл осы зұлмат жылдарда Ақтөбе облысында 7 мыңдай адам ұсталып, оның мың жарымы атылыпты. 260 ақжаулықты «халық жауының әйелі» деп айыпталып, лагерлерге қудаланған. Тарихшылар мұндай деректерді қала орталығында репрессия құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуы кезінде айтты.

Респрессия мен ашаршылық құрбандарына арналып қоладан құйылған бұл мүсін қала орталығынан  орын алды.  Оның қасындағы қара гранитке тарихи деректер қашалып жазылған.

Жәдігер Кенбай, ескерткіштің қосалқы авторы:

Әкімшілік конкурс жариялады. Соған бірнеше адам қатысты. Сол комиссия шешімі бойынша, мен оның мүшесі ретінде іріктеп-іріктеп, бүгінгі ашылғалы тұрған монументті қолға алды, құптады. Адамның қиналған кезіндегі рухының жеңілмегені көрсетілген.

Шараға ел басына күн туған уақытта қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларының туған-туыстары да келді. Олар ата-бабаларына Құран бағыштады. Арасында әйгілі түркітанушы Құдайберген Жұбановтың ұлы да бар

Асқар Жұбанов, Қ.Жұбановтың ұлы:

37-інші жылы 13 қарашада дүниеге келгенмін. Бір аптадан кейін әкем Құдайберген Жұбанов перзентханадан мені үйге алып барған болатын. Ең соңғы мені көргені сол 19-ы болатын. Сол 19-ыншы қарашада әкемізді «Халық жауы» деген жаламен ұстап алып кетіпті.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Мұнан соң,  «Депортациялар тарихынан. Қазақстан.1939-1945-інші жылдар» атты тарихи-деректі жинақтың таныстырылымы болды. Бұл Қазақстан мен ТМД тарихшыларының еңбектері топтастырылған шығарманың үшінші томы. Ал, Қарағандыдағы әйгілі Спасск мемориалында болған қаралы жиынға әріптесім Айжан қатысып қайтты. Айжан, кезек өзіңде. 

Айжан Қуаш, тілші:

Иа,  Жақсыбек, тарихи деректерге сүйенсек, Спасск мемориал алаңында елуден астам ұлт өкілінен шыққан 5 мың тұтқынның мүрдесі көмілген. Барлығы сталиндік үлкен террордың құрбандары. Олар талайларға тозақ болған атақты Қарлагта аш- жалаңаш еңбек етіп, сол абақтыда жан тапсырғандар.

Бүгін осы кешенде зұлмат жылдары жапа шеккен чехтарға арналып белгі қойылды. Оны Қазақстан мен Чехия мемлекетінің өкілдері бірлесіп өткізді. Аласапыран жылдары 25 мың чех азаматы түрлі лагерлерге қамалса, оның 650- і Қарлагта отырған.

Элишка Жигова, Қазақстандағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі:

Бізге өткенімізді еске алып, құрмет көрсетуге мүмкіндік берген Қазақ еліне алғысымыз шексіз. Бұл -  адамдардың аянышты тағдыры. Қазақстанда жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. Мұнда барлық ұлт өкілдері бірге.

Мұнда ирандықтарда тас белгі орнатты. Екі тастың ортасында ағаш белгі тұр. Ол тасты жарып, азаттықты аңсаған жандардың арманы,- деп түсіндірді чехтар. Қуғын-сүргін жылдары мыңнан астам ирандық Қазақстанға жер аударылған. 

Моджтаба Дамирчилу, Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі:

Мыңдаған отандастарымыз Қазақстанға қудаланса, біздің елде де кезінде жер аударылған қазақтар тұрады. Біз оларды қалай қарсы алсақ, қазақ елі де солай қонақжайлық танытып отыр. Бұл екі ел достығының белгісі.

Айжан Қуаш, тілші:

Спаскк мемориалдық кешенінде саяси қуғын- сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер саны осымен 30 ға жуықтады. Мұнда жерленген әскери тұтқындар жайлы құпия мәліметтер соңғы жылдары ғана жарыққа шыға бастаған. Қорқынышты тарихтың сыры жыл сайын ақтарылып, дәл осы 31- інші мамыр күні жарияланып отырады.

Айжан Қуаш, Олжас Нұржақып, Жақсыбек Кемал