Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қызылорда іргесіндегі саяжай халқы ауыз суды Сырдариядан тасып ішуге мәжбүр

AstanaTV
31.05.2018ж. 20:00
4363
Қызылорда іргесіндегі саяжай халқы ауыз суды Сырдариядан тасып ішуге мәжбүр

Қызылорда іргесіндегі "Ягодка" саяжайының тұрғындары ауыз суды Сырдариядан тасып ішуге мәжбүр. Мыңға жуық отбасы қоныс тепкен саяжайда жол да жоқ. Елді мекен халқы электр жарығының барына қуанады. Әйтпесе, өркениеттен мүлде тыс қалар едік дейді. Саяжай алабы қалаға қосылған кезде жергілікті халық мәселеміз шешіледі деп үміттенген. Алайда, олай болмай шықты. 

Татьяна Мельникова саяжайда 20 жылдан бері тұрады. Бау-бақша егіп, отбасын асырап отыр. Екі ұлы да осы жерге қоныстанғандықтан, немерелерінің денсаулығына алаңдайды. Жарты ғасырлық тарихы бар «Ягодкада» ауыз су мәселесі шешілмей келеді.

Су арнасы мекемесіне арыздандық. Олар бұл мәселенің «Сыр суы» мекемесі арқылы шешілетінін айтты. Аталған серіктестік ауыз су жүйесін тартумен айналысады деп ойлағанбыз. Бірақ ол Шиелі ауданындағы су сататын фирмалардың бірі екен. 

«Ягодка» саяжай алабында мыңға жуық отбасы тұрады. Мұнда жол мәселесі өте қиын. Сол себепті автобустар саяжай ішіне кірмейді. Тұрғындардың көпшілігі қалаға қатынап жұмыс істейді,  балалар шахардағы мектептерде білім алады. Олар үшін қоғамдық көліктің саяжай арқылы жүргені маңызды. Өйткені түнде жаяу жүрудің өзі қауіпті дейді.

Күләш Асанова:

Жауын жауған кезде батпаққа батып қаламыз. Көшелерімізде жарық жоқ. Осылардын бәрі шешілсе дейміз. Бізге де газ желісі тартылады деген үмітіміз бар.

Мұндағы жұрттың күн көрісі бау-бақшаға тәуелді. Құс пен мал өсіріп күнелтетін отбасылар да бар. "Жығылғанға жұдырық" дегендей, соңғы кезде мал ұрлығы көбейіп, мазамызды қашырды дейді жұрт. «Ягодканың» қала аумағына өткеніне 2 жыл болған. Алайда жауаптылар сайжай аумағына су кіргізіп, жол салып, автобус жіберу жоспарда жоқ екенін айтты.

Біржан Далабаев, Қызылорда қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

Ауыл шаруашылық негіздегі мақсаттағы берілген бағбандық жер болып есептеледі, маусымдық пайдаланудағы. Осыған байланысты бұл саяжайға инвестиция салу, инженерлік инфрақұрылым жүргізуге заңға сәйкес келмейді.

Қала билігі саяжайда қанша адамның тұрып жатқанынан хабарсыз болып шықты. Ал тұрғындар үйлерінің заңды құжаты барын, сол жерде тұрғылықты тіркеуге тұрғанын айтады. Шаһар атқамінерлерінен күдер үзген тұрғындар мәселені аймақ басшысына жеткізуге бел буып отыр.

Шарипа САҚТАПОВА