Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Елімізде Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленді

AstanaTV
04.06.2018ж. 20:00
2497
Елімізде Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленді

Бүгін мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай елордадағы сауда-орталықтарының бірінде жиналғандар бір мезетте әнұран шырқады. «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері мұндай шара арқылы жастардың әнұранды қаншалықты деңгейде білетінін анықтамақ болыпты. Тіпті мұнда демалуға, тамақтануға келген кейбір тұрғындарға әнұран жазылған қағаздар да таратпақ болған. Алайда сауда орталықтарына келушілердің көбі әнұранды білетіндерін айтып, бірге шырқауға қуана келіскен.

Дәулет Кәрібек, Жас Отан» жастар қанатының атқарушы  хатшысы:

Бұл жердегі іс-шара, былайша қарасаңыздар, түскі үзіліс кезінде ойға келген дүние. Ол тамақ ішіп отырып, давайте біздің жастардың барлығын осы гимнді біле ме екен, қанша адам бастай алады екен, деген сұрақпен табан астында ұйымдастырылған шара.

Сондай-ақ, оралдықтарда да Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Салтанатпен шеп құрған әскерилер мен спортшылар тұңғыш Президент алаңында Мемлекеттік туды алып өтті. Осыдан кейін Әнұран шырқалып, елдің айбынын асырар көк байрақ көкке көтерілді. Жергілікті өнерпаздар патриоттық әндерді әуелетті. Салтанатты шара барысында қырағылығымен көзге түскен әскери қызметші мен спортта үлкен жеңіске жеткен жастар марапатталды. Мұндай мереке, әсіресе жастардың патриоттық сезімін еселеуге сеп болады дейді шараны ұйымдастырушы "Жас Отан" белсенділері.

Нұрғали Жолдасқалиев, «Жас Отан» ЖҚ БҚО филиалы төрағасы:

Жастарға осы біздің мемлекеттік рәміздеріміз жөнінде тағы да толығырақ айту, осы мемлекеттік рәміздеріміздің құндылығын көрсету болып табылды. Міне бүгін біздер осы шарада Әнұранымызды, Мемлекеттік Туымызды, Елтаңбамызды ұлықтаған болатынбыз.