Негізгі / Жаңалықтар / Шымкенттегі көлік-логистикалық орталығы биыл жарты миллион тонна жүк өңдемек

Шымкенттегі көлік-логистикалық орталығы биыл жарты миллион тонна жүк өңдемек

Шымкентте «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның қаржыландыруымен іске асқан көлік - логистикалық орталығы биыл 500 мың тоннаға дейін жүк өңдеуді жоспарлап отыр. Бірегей жобаның құны 15,8 млрд теңге. "ҚДБ тарапынан соның 11,8 млрд теңгесін 15 жыл мерзіммен қарызға бердік. Халықаралық талаптарға сай жарақталған орталық жылына 600 мың тоннадан астам жүк  өңдеуге қуатты. Бұл миллионды шаһар атанған Шымкент үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де зор мүмкіндік", -  дейді жоба жетекшілері.

Шымкенттегі соңғы үлгіде жарақталған көлік-логистикалық орталық өткен қарашада ашылған. Бұл жерге тауарлар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Ресейден транзитпен жеткізіліп, жөнелтіледі. Бір сөзбен айтқанда жүктерді сақтау, рәсімдеу сынды қызметтер қатар жүрмек. Қазір мұнда көкөніс, қант, құс еті өнімдері мен консерві секілді 1,5 мың тоннадай тауар сақтаулы.

Әділ Исмағамбетов, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарушы директоры:

Шымкент Орталық Азия елдерінің қақпасы іспетті. Транзиттік орталық. Сондықтан ел экономикасы үшін бұл өте маңызды жоба. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан арасында сауда-экономикалық дәлізін дамыту мақсатындағы орны бөлек.

Көлік-логистикалық орталығындағылар мұндағы қоймалардың халықаралық талаптарға сай жарақталғанын айтады. Теміржол арқылы жеткізілетін жүк тура «А» сыныпты қоймаларға түсіріледі. Мамыр айынан бастап тауарды кедендік рәсімдеу қызметі де қоса жүреді. Нәтижесінде бұрын бір тәулік кететін шаруа жарты сағатта бітіп жатыр.

Болат Серғазин, «CONTINENTAL LOGISTICS SHYMKENT» ЖШС бас директоры:

Жүктер теміржолмен бірге автокөлікпен де тасымалданады. Ол үшін арнайы орындар бар. Тауарлар құрғақ қоймаларда сөрелерге жиналады.

Бұл жерде тауарды сақтаудың барлық мүмкіндігі қаралған. Қоймалар қысы -жазы бір температураны ұстап тұрады. Тіпті тропикалық жеміс-жидектерді ұзақ сақтайтын мүмкіндік те бар.

Серікжан Тазанбаев, кәсіпкер:

Темір жол вагондары тура складтың алдына келеді.  Жанымызда аэропорт бар. Авиаперевозка жасауға да мүмкіншілік бар.

Айта кетейік, Шымкент-Ташкент сауда-экономикалық дәлізін дамыту мақсатында Қазақстан-Өзбекстан көлік-логистикалық бірлескен кәсіпорнын құру жоспарланып отыр. Соның негізінде жылына 400 мың тоннаға дейін тасымал көлемімен қос мемлекеттің логистикалық  орталықтарында жүк көлігіне арналған «жасыл дәліз» ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ