Негізгі / Жаңалықтар / Президент Н.Назарбаевтың Қытайға сапары жайлы

Президент Н.Назарбаевтың Қытайға сапары жайлы

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға кезекті сапары басталған күні еліміздің Қытайдан 730 млн доллар көлемінде несие алатыны айтылды. Қытайдың экспорт-импорттық банкі Қазақстанға жол жөндеу үшін 730 млн АҚШ доллары көлемінде несие береді. Қарыз Орталық - Оңтүстік дәлізі бойындағы Астана-Қарағанды-Балқаш-Күрті-Қапшағай-Алматы тас жолының Қарағанды-Балқаш участогына алынады. Маусым айының басында Қытайдың мемлекеттік Синхуа агентіне берген сұхбатында Н.Назарбаев Қытайдың 1991 жылдан бері елге 16 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйғанын айтқан. Қазір бізде қытай капиталының қатысуымен 1200 компания жұмыс істеп жатыр. Ал биыл құны 2 млрд АҚШ доллары болатын алты жоба іске қосылмақ. Агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен-металлургия, химия өнеркәсібі салаларына қатысты жобалар. Ал кеше сапар аясында қазақстан-қытай қоры құрылды. Сондай-ақ, екі мемлекеттің кәсіп иелері құны 13 млрд доллар, 40 коммерциялық құжатқа қол қойды.

Сапардың алғашқы күні Нұрсұлтан Назарбаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинпен кездесуде «Бір жол – бір белдеу» жобасын қолдады. Ал Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстан арасындағы «достықтың алып кемесін» Назарбаевпен бірге басқаруға дайын екенін жеткізді. Қытаймен арадағы қарым-қатынастарға байланысты дәстүрлі күмән мен күдік соңғы уақытта сонда тұратын қазақтардың теперіш көріп жатқаны туралы мәліметтермен қабысып, қоғамда кәдімгідей дискуссия туды. Қазақстанның Қытайға ешқашан тең серіктес бола алмайтынын бастап, «мұнайдан тыс салаларға ірі көлемде инвестиция құюға дайын бірден бір мемлекеттен қашпау керек» деген сияқты пікірлерге дейін...

 Ал бүгін Циндаода Шанхай ынтымақтастық ұйымының САММИТ-і басталды. Ұйым тұңғыш рет сегіз елдің басшыларының қатысуымен өтіп жатыр. Былтыр Үндістан мен Пәкістан қабылданған еді.