$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Менингитке байланысты. Жайбасарлық пен бюрократия...

AstanaTV
09.06.2018ж. 20:00
2997
Менингитке байланысты. Жайбасарлық пен бюрократия...

Енді менингит жайлы. Апта басында Сенат төрағасы Twitter-де «Менингит инфекциясын тоқтатудағы әрекет жарамайды. Тиісті министрлік жайбасарлық танытып отыр» деп жазды. Артынша үкімет отырысында Премьер-министр Денсаулық сақтау министріне: «Сіздердің түсіндірмелеріңіз бәріне жетіп жатқан жоқ, әрбір жағдайды ашық айтып, жеткізу керек. Екінші мәселе – екпе. Керек пе, жоқ па?» деп, вакцинаның өте қымбат екенін, кей облыста 40 мың теңге тұратынын айтты. «Алматы қабылдамайды», деп Талғардан Қаскелеңге барып, уақыт жоғалтқан, ақыры баласынан айырылған Алматы облысында тұратын ананың жанайқайын келтірді. Денсаулық сақтау министрі сөйтіп барып, ауру көбірек тіркелген Алматы өңіріне іссапарға шықты... Жұрттың да түсінбегені сол. Бірінен кейін бірі балалар, ересектер өліп кетіп жатқанда құрғақ мәліметтер таратып, «эпидемия емес» деп бас шайқаудан танбау ... әрине, адамдар «ее, солай екен ғой» дей салмайды. Аналардың украиналық белгілі педиатрға шығып, «не істеу керек?» деген сауалды соған қойғандарына қалай біртүрлі болмайтындарына таңғаласың. Ришат Асқарбекұлы жалғастырады.

Өтіп бара жатқан апта да менингит дертіне байланысты дүрбелеңге толы болды. Ақпараттық агенттіктер Алматыда бір күнде 3 адамның вирустық инфекциядан көз жұмғанын жазып жатты. Олар: бес жастағы бүлдіршін, оны балабақшаға апарып-әкелетін 19 жастағы бойжеткен мен өрт сөндіру қызметкері. Үшеуі де ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер құтқарып қала алмады.

Аида Ахметова, менингиттен қайтыс болған баланың анасы:

Минздравтың адамдары орындарынан тұратын шығар. Креслода отырып алып, сен ананы істе, мынаны істе деп айтқанша, қарапайым халық сияқты киініп алып, ауруханаларды аралап көрсін. Қалай қызмет көрсетілетінін, қанша уақыт қимылдайтынын көресіздер.

Сейсенбі күні кешқұрым денсаулық министрі Алматыға ат басын бұрды-ау. Ол Талғардағы аудандық ауруханада дәрігерлермен кездесті. Себебі қайтыс болған Дінмұхаммед пен оның туысына осы мекеменің қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Десе де марқұмдардың туыстары науқастардың дер кезінде ауруханаға жеткізілмеуіне дәрігерлерді кінәлаған еді.

Аида Ахметова, менингиттен қайтыс болған баланыңанасы:

Мұндай өлімнің мен ешкім көргенін қаламаймын. Әппақ денсінің бәрі быт-шыты шығып, үстінің бәрі қанталап, атылып кетті. Ешқандай ата-анаға тілемеймін, бірақ ащы болса да, айтайын, естісін. Білген адам сақ болады ғой. Жүрегі соғып жатты, денесі өлген адамдікіндей көкпеңбек. Мен ондайға дайын болмадым...

Елжан Біртанов аудан дәрігерлеріне қатысты нақты қандай шара қолданылғанын ашып айтпады. Есесіне Алматы облысының бірнеше аудан халқына қызмет көрсететін алқам-салқам Қаскелең инфекциялық ауруханасы жабылды. Министрдің пәрменімен ондағы науқастар Қарасай аудандық орталық ауруханасының қосалқы ғимаратына көшіріліп жатыр. Ал қайтыс болған адамдардың өлімінің себебін анықтау үшін комиссия жұмысын бастады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Медициналық қызметтің сапасы, дәрігерлер сапалы қызмет көрсетті ме, деген сауалдарға сараптама қортындысы жауап береді. Егер біреудің өз қызметіне салғырттығы анықталса, прокуратура іс қозғайды.

Бұл оқиғалар халық арасында күдік пен қорқынышты еселей түсті. Шаһарда жедел жәрдем қызметіне де тыным жоқ. Әсіресе екпе мен қарапайым медициналық бетпердеге деген сұраныс артты. Танымал компанияның бірінде жұртшылықпен байланыс қызметінің маманы Нұркен Халықбергеннің айтуынша, жағдайдың күрделенуіне ресми ақпараттың жетімсіздігі себеп болды. Денсаулық сақтау министрлігі қарапайым қағидаларды түсіндіруге асықпады. Бұл уақытта ақпарат кеңістігі шындыққа жанаспайтын мәліметтерге толып үлгерді, дейді блогер.

Нұркен Халықберген, блогер:

2016 жылы мынша адам тіркелді, 2017 жылы мынша адам қайтыс болды деп, статистиканы келтіріп, адамдарды сабырға шақыруы керек еді. Бірақ олар бұл жұмыстарды тек бір аптадан соң бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында осындай ақпарат аз болды, көбінесе уотсап сияқты ақпараттан адамдар іздеді жауапты, көп сұрақтар жауапсыз қалды.

Әлеуметік желілер арқылы министр мен оның командасын сынға алғандар қатарында Мәжілістің бұрынғыдепутаты, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Мұрат Әбенов те болды. Ол министрлікті республикалық штаб ашып, тәуліктік Call- орталық құрмағаны үшін айыптады. Алматыға орынбасарын жіберіп, өзі Астанада қалған денсаулық сақтау министрі жағдайдың ушыға түсуіне түрткі болды, деп есептейді.                                                                                            
Мұрат Әбенов, «Атамекен» ҰКП Төрағасының орынбасары: «Неліктен осы күнге дейін танымал дәрігерлерді, мықты ғалымдарды шақырып вирустық инфекцияның ең құрығында қай типі тарап жатқанын білуге асықпадыңыздар!? Министлік мамандары айтқандай менингит үш жылда бір осылай өршіп отырады екен ғой. Соны біле тұра, ең құрығанда балаларға міндетті екпе жүргізу керек еді. Талғарда ауырып қалған бүлдіршінді Қаскелеңге апарып, уақыт жоғалтқан дәрігерлерді біліксіз деп есептеймін. Сіздің құзырыңыздағы сол мамандардың неге жедел жәрдемді кеш шақырасың деп, науқасты айыптағаны өте ұят. Бұл елдегі денсаулық саласының оқыс оқиғаларға дайын емес екенін көрсетті.» 


«Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова да сала жетекшілеріне «сіздер үлкен проблемаға тап болдыңыздар және әлі де бұл мәселені шешетін шамаларыңыз жоқ, себебі министрліктегі ішкі тәртіп әлсіз» деп шүйлікті. Бұрын осы саланы басқарған маман, болып жатқан жағдайларға ішкі қырынан баға бере алатынын байқатты.

Тамара Дүйсенова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Жұқпалы аурудың жаңа түрі пайда болып, күресу жолдары белгісіз болса, түсінер едім. Мәселе біздің мұндай жағдайда қалай әрекет етуді білмейтіндігімізде.

Алматыдағы баспасөз мәслихатында министр бұл ескертулерді «жүйелі сын» деп қабылдайтын айтты. Бірақ менингит төңірегінде қалыптасқан дүрбелең салыстЫрмалы түрде алғанда, дабыл қағарлық емес, дегенді қайталады. 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Елде болып жатқан жағдайға министрлік және мен жеке басыммен жауап беруге дайынмын. Мен жауапкершіліктен қашып отырған жоқпын. Бірақ заңнама бойынша әркімнің қызметтік жауапкершілігі белгіленген. Сондықтан бұл дабыл қағатындай мәселе емес. Қазақстан үшін жылдағы қалыпты құбылыс.

ГРАФИКА:

Статистика қарасақ, 2013 жылы- 117 жағдай: 18 адам қайтыс болған;

2014 жылы- 119 жағдай: 7 адам қайтыс болды;

2015 жылы – 424 жағдай: 21 адам қайтыс болды;

2017 жылы -  62 жағдай, оның ішінде 11  адам өлген.

Ал биыл жыл басынан бері елде 58 науқас тіркеліп отыр. Бүгінгі күнге дейін 12 адам бақилық болды.

Иә, әрбір адамның өз денсаулығына өзі жауапты екенін естен шығармағаны жөн. Халыққа қазір қауіпті вирустық инфекция туралы ақпараттар әрқилы жетеді. Көбіне ол «уотсап» әлеуметтік желісі арқылы тынымсыз тарап жатыр. Тіпті жергілікті дәрігерлерден тұщымды түсініктеме ала алмаған азаматтар украиндық педиатр Евгений Комаровскийге хаттар жолдаған. Ал Алматыдағы бас балалар инфекционисі Әділ Қатарбаев менингококк инфекциясынан сақтану үшін қарапайым қағидаларға бағыну жеткілікті, дейді.

Әділ Қатарбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Сақтану жолдары бұл-көп адамдар жиналған жерлерге бармау, қолдан келсе. Ол жерлерге барған жағдайдың өзінде де ұзақ отырмау.

Тыныс алу жүйесінде, мұрының шырышты қабықшасына сақталатын инфекция кез-келген адамда жылдар бойы белгі бермей жата береді. Егер оның қоздырғыштары белсенді болып, адам ауырған жағдайда, дер кезінде дәрігерге жүгіну ғана адамды өлімнен құтқарады. Жалпы, осы науқасқа шалдыққан жандардың 10 пайызында вирус қанға өтіп кетеді. Ондай оқиғалар өліммен аяқталады.

Әділ Қатарбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Ең бастысы назар аудару керек, бұл дене қызуының көтерілуі. Ол 39-40-қа дейін жоғарылауы мүмкін. Ересек және бала науқаста бас ауруы сезімі пайда болады. Немесе құсу. бірнеше немесе бір реттік. Егер де осы үш көрініс пайда болса, жедел дәрігерге қаралған өте дұрыс.

Баларды осы дерттен сақтаудың басты жолы - қырағылық пен күтім. Бөлмені желдету, адам көп жиналған жерлерден, әсіресе көктемде инфекция жүріп жатқанда аулақ жүру абзал. Қауіпті вирус ары кетсе 2-3 аптада өтіп кетеді, дейді білікті маман.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Денсаулық сақтау министрлігінің сайтындағы ақпаратқа сенсек, қазір ауырып қалған науқастармен түрлі қарым-қатынаста  болған 4 мың адам бақылауда. Айтпақшы, Талғарда қайтыс болған бүлдіршіннің нағашы ағасы кеше ауруханаға түсті. Ол баланың күтушісі болған көз жұмған бойжеткенмен үйленем деп жүрген жігіт. Сондай-ақ, менингиттен жан тәсілім еткен өрт сөндірушінің де туған ағасы өзін жайсыз сезініп, инфекциялық ауруханаға жатқызылғанын қалалық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».