Негізгі / Жаңалықтар / «Әлеуметтік мәні бар аурулар тізімі» қысқарады. Ойландыратын тұсы бар...

«Әлеуметтік мәні бар аурулар тізімі» қысқарады. Ойландыратын тұсы бар...

Астана тұрғыны 66 жастағы Антонина Сизова қант диабетінің 1-ші типіне шалдыққан. 35 жасынан осы аурумен күресіп келеді. Аяғында гангрена басталған... Инсулин болмаған жағдайда тек кәдімгі құбырдан аққан су мен қымыз көмектесетін көрінеді. Ай сайын мемлекеттен 5 қалам инсулин алып отырады. Күніне екі рет егеді. Сырқатымен жалғыз өзі күресіп келеді. Оған қарайтын ешкімі жоқ. Инсулинге мұқтаж науқас тіпті өзі барып жүрген емхананы сотқа берген. Айтуынша, олар диабет сырқатына қарсы берілетін қаржыны жымқырып, қаншама науқасты дәрісіз қалдырған.

Антонина Сизова, 1-ші тип қант диабетіне шалдыққан науқас:

Білесіздер ме?! Мен қазір мына краннан аққан судың арқасында өмір сүріп отырмын. Жағдайым келіп жатса, қымыз алып ішемін. Инсулиннің орнын қымыз жақсы басады. 1-ші дәрежедегі диабет өте қауіпті. Бауырым мен бүйрегім істен шыққан деуге болады. Қант диабетінің кесірінен барлық аурулар қозып отыр. Демала алмаймын.  Ақысыз инсулинді осыдан бір ай бұрын алғам. Бітіп барады. Инсулинмен бірге «Диабетон» дәрісі бар. Ол дәрі берілмей кетті. Жалғыз инсулин көмектеспейді.  

Денсаулық сақтау министрлігі «әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін» қысқартуды көздеп отыр. Бұл жаңалық сол тізімдегі ауру балалардың ата-анасын, ересек науқастарды, қоғамдық ұйым өкілдерін алаңдатып тастады.Тізімдегі 13 пункттің енді тек төртеуі ғана қалған. Өзгеріске сәйкес балалардың сал ауруы, қант диабеті, инфаркт, астма мен гепатит тәрізді сырқат түрлері "әлеуметтік маңызды аурулар" тізімінен алынып тасталмақ. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мемлекет есебінен тегін емделетін әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін қысқартқанмен, тізімнен түсіп қалатын кейбір аурулар үшін мемлекет есебінен тегін дәрі қалады, деді, алаң жұрттың сауалын қойған журналистерге. Министрге сүйенсек, диабет, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық дерті, сал ауруы сияқты сырқаттар бар, 30 ауру жинақталған топқа кіреді, әрі қамтылады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Созылмалы аурумен сырқаттанатындарды сабырға шақырғым келеді. Керісінше, Денсаулық сақтау министрлігі бұл науқастарға сенімді бақылауды қамтамасыз ету мен дәріге қол жеткізу үшін емханалардың рөлін күшейтпек. Екіншіден, біз мемлекеттік тегін көмектен ештеңені алып тастамаймыз, аталған аурулардың бәрі қалады. Біз әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізімін және диспансерлік бақылауды талап ететін аурулардың тізімін жасаймыз... Сырқаттар, әсіресе қант диабеті және басқа да көптеген маңызды аурулар, олар енді арнайы динамикалық бақылауды талап ететін аурулардың тізіміне енгізіледі.

Жұрттың шамданғаны,диабет сияқты ауруға шалдыққан балалардың ата-аналары әдетте жұмыс істемейді. Сондықтан тізімді қысқарту туралы хабар расында, оларды шошытады. Оның үстіне соңғы жылдары тегін дәрі алуда іркілістер жиі болып жүр. Несіне қайталаймыз, әсіресе қант диабеті сияқты дәріге күнделікті тәуелді жандар қатты қиналып қалады. Егер журналистер сұрамаса, министрлік мәселені дұрыстап түсіндірмей ме? Елдің жүйкесі тозып, дүрбелеңге түскені кімге керек?  Сонымен бірге Біртанов диабет сияқты тізімнен қысқарған маңызды сырқаттың "динамикалық бақылауға алынатынын", бөлек тізімге енгізілетінін айтқанымен, әлеуметтік мәні бар аурулар тізіміне ілінбей қалуы мүмкін сырқат адамдар жеке мамандардың кеңесі сияқты қосымша медициналық қызмет түрін пайдаланулары үшін медициналық сақтандыруы болуы керектігін ескертті. - Біз, әрине, барлық азаматтарымыз сақтандырылмайтынын түсінеміз. Бұған уақыт қажет. Ол үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа форма ойластырып жатыр, - дейді ол. Алайда 2020 жылы күшіне енетін медициналық сақтандыру туралы заңда әлеуметтік мәні бар аурулар тізіміне кірмейтін аурулар түрі екінші пакет арқылы емделетіні жазылған. Яғнидиабетке шалдыққандар сақтандыру төлемдері болса ғана тегін емделе алмақ. Ал ондай төлемі жоқтар ше? – деп отыр, қоғамдық ұйым өкілдері. Елімізде 2016 жылғы есеп бойынша 508 мыңнан астам адам әлеуметтік мәні бар дерттерге шалдыққан. Олардың 300 мыңдайы диабетпен ауырады. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік мәні бар ауруға ұшыраған елдің барлық азаматтары медициналық сақтандыруы жоқ болса да, тегін емделе алатынын мәлімдеп келген еді.