Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда туристік фирмаға алданғандар ісі тергеуге алынды

AstanaTV
08.06.2018ж. 20:00
2397
Алматыда туристік фирмаға алданғандар ісі тергеуге алынды

Шетелге сапарлаймыз деп сан соғып қалған алматылықтардың мәселесі тергеуге алынды. Әрі аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді. Оның сөзіне сүйенсек, қазір осы іске қатысы бар адамдар анықталып жатыр. Төмен пайызбен туристік саяхат ұсынған "Сандей" атты туристік фирмасы бір топ азаматтың ақшасын жинап алған. Ішкі істер департаментінің өкілдері осы іске байланысты тек 10 адам ғана арыз қалдырғанын айтып отыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Қылмыстық Кодекстің 190 бабы 3 тармағы бойынша 10 жылдан аса бас бостандығынан айыру мерзімі көзделеді. Егер жәбірленушінің саны көп болса, ол ауырлатады мән-жайын. Сондықтан да сот үкімін шығару барысында бұл жайтты есепке ала отырып, жаза мөлшері одан да көп болады.

"Сандей" туристтік фирмасы жалға алған шағын кабинеттің есігі қазір жабық. Еліміздегі ірі туристік операторлар желісінің жетекшісі болса, мұндай жағдай жыл сайын тіркелетінін айтады.

Ольга Алексеева, туристік операторлар желісінің жетекшісі:

Шын мәнінде, арзан бағамен туристік билеттер еш жерде сатылмайды. Нарықтағы баға бір. Тек толмай қалған сәтте ғана кішігірім акциялар болмаса. Әрине, бұл ел азаматтарының сауатсыздығы мен арзанға ұмтылғыштығының көрінісі. Бұл мәселе түзелмей, елдегі осындай олқылықтар азаймайды. Сондықтан кез-келген жолдаманы жауапкершілікпен, қатаң тексерумен ғана таңдау керек.