Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Халық пен Елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіңдер - Бақытжан Сағынтаев

AstanaTV
12.06.2018ж. 20:00
2823
Халық пен Елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіңдер - Бақытжан Сағынтаев

Халық пен президент алдында өздеріңіз жауап бересіздер! Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында министрлерге соңғы ескерту жасады. Оның айтуынша, 100 миллиард теңгедей ақша экономикаға жұмыс істемей тұр. Демек, игерілмеген. Республикалық бюджеттің соңғы 5 айдағы қорытындысынан баяндама жасаған министрлерді Айгүл Әдепбай да тыңдап қайтты.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Айтпады демеңіздер! Үкімет басшысы министрлерге бір шүйлігіп, соңғы ескерту жасады. Енді бергенді ұқсата алмай отырған мемлекеттік органдардан бюджеттің миллиардтары қайтып алынады.

Республикалық бюджет шығыстары 3,6 трлн теңгеге игерілген. Ал жыр болған игермеу сомасы 58 млрд теңге. Берген ақшаны жұмсай алмай отырғандар қатарында бюджет теңгелерін үнемдеуі тиіс деген Қаржы министрлігінің өзі де бар. 

Қорғаныс министрлігі - 17 млдр теңге. Ауыл шаруашылығы министрлігі - 8,5,  Ішкі істер министрілігі - 5,4, Мәдениет және спорт министрлігі- 7,8, қаржы министрлігі - 3,3 Ұлттық қауіпсіздік комитеті  3,4, Жоғарғы сот - 1,8 млрд теңге.  Бақытжан Сағынтаев берілген қаржыны ұқсата алмағандардан 6 айдың қорытындысы бойынша ақшаны қайтып аламыз деп ескертті.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қаржыны бөлді. Парламент қолдады. Бюджет қабылданды. Бірақ, қаржы игерілмейді. Қашанғы күтіп отырамыз. Не экономикада өсім жоқ, не халықтың алдында айтатын сөз жоқ. Есеп берілген кезде бәрін де қатырып жатырмыз деп айтамыз. Одан кейін бәрі ұмыт қалады. Айтпады демеңіздер, құрметті әріптестер! Халық пен Елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіздер!

Соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша есеп берген Ұлттық экономика министрі құрылыс саласында тоқырау барын айтты.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Құрылыс саласы жыл бойы біркелкі емес серпінді көрсетіп отыр. Құрылыс саласының өсу қарқыны бірінші тоқсанда 5,9 пайызға дейін ұлғайып, қаңтар-мамырдың қорытындылары бойынша 0,3 пайызға қарай жақындады.

Республикалық нысандардың құрылысына бюджеттен 275,5 млрд теңге бөлінген. Ал бүгінде оның 15 пайызы ғана немесе 42 млдр теңгесі игеріліп отыр. Жыл соңына дейін әлі 233 млрд теңгені ұқсату керек

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Мәселенің барлығы тек қана құрылыста. 275 млрд теңге 2018 жылға қабылдаған болсақ, қалған міндеттемеміз - 178 млрд теңге. Яғни алда әлі 100 млрд теңгеге міндеттемелер қабылдау керек. Бостан-бос ұстап отырғаннан гөрі басқа министрліктердің тарапынан сұраныстар түсіп жатыр. Тиімді игеругеКСМ: Мемлекетті органдар бюджет теңгелерін тиімді ұқсата алмай отырғанда банктерге де бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан теңгелер үлестіріліп жатыр. Банктердің кредиттік портфелдерін өсіру туралы баяндаған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, қордан қаржы ұйымдарына 5 жылға 200 млд теңге берілетінен айтты.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

200 млрд теңгені банктер 7-20-25 бағдарламасы шеңберіде таяу жылы алады. Банктер оны ипотекалық кредиттеуге жұмсайды. Болашақта сомма 1 трлн теңгеге жетеді. Бұл банктердің ипотекалық портфелінің ағымдағы көлемін 2 трлн теңгеге дейін 2 есе көбейтуге мүмкіндік береді. Банктердегі ұзақ қордың жалпы сомасы алдағы 1,5-2 жылда 3,5 трлн теңгеге ұлғаяды.

Республикалық мемлекеттік органдарға қарағанда жергілікті бюджеттер қаражатты әлдеқайда тиімді ұқсатып отыр. Өңірлерге 190 млдр теңге бөлінсе, қаражат 96,5 пайызға игерілген. Кәдеге жаратылмаған сома - 5,3 млрд теңге

Айгүл Әдепбай, тілші:

Бюджеттің бүйірінен бөлініп отырған теңгелер неге игерілмей жатыр дегенде, конкурстардың дер кезінде өтпеуі, жұмыс кестесінен қалып қою сынды сол баяғы сылтаулар айтылады. Енді ұқсата алмаған қаржыдан айырылып қалса, мемлекеттік органдар қандай сылтау табады екен?!

Айгүл Әдепбай