$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы облысында жүзден асқан қария жарты ғасырдан бері құжатсыз өмір сүріп келеді

AstanaTV
13.06.2018ж. 20:00
4093
Алматы облысында жүзден асқан қария жарты ғасырдан бері құжатсыз өмір сүріп келеді

Алматы облысында жасы жүзден асқан қария бір ғасырға жуық уақыттан бері құжатсыз өмір сүруде. Өзіне тиесілі жәрдемақыны да, зейнетақыны да ала алмай келеді. Енді жалға алған тар бөлмеде жұбайының болмашы зейнетақысына өмір сүруге мәжбүр. Аталған жағдайды жергілікті билік біле ме? Әріптесім Олжас Нұржақып ақсақалдың тағдырымен танысып қайтты.

3 күннен кейін 112-ге толатын Юрий Репин мына тар бөлмеде 4 айдан бері тұрып келеді. Арасында аяғын басып жүруге тырысқанымен, көбіне төсекке таңулы. Ал, қолында ешбір құжаты жоқ. Айтуынша, 85 жыл бұрын жоғалып кеткен. Содан бері бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған, алайда нәтиже болмапты. 

Юрий Репин:

1933-ші жылы құжаттарымды пойызда жоғалттым. Өзім 17 жасымда Владивостокта әскери борышымды өтеп, су асты кемесінде көптеген миссияны орындадым. «Қызыл жұлдыз», Ленин ордені» сынды 4 марапатым болды. Бірақ қазір ешбірі де жоқ. Құжатымды қалпына келтіру үшін көп жүгірдім. Нәтиже болмаған соң амалсыз қолымды бірақ сілтедім.

Бүгінде қария әйелінің алатын 28 мың зейнетақысына күн көреді. Оның 25 мыңын жалға алған бөлмеге төлесе, қалған қаржы тіршілігіне талғажау.

Нина Степцова, жұбайы:

Қазір шағын үйде 5 адамбыз. Менің қызым және немерелерім. 50 мыңның жарты ақшасын біз береміз. Қалғаны қажетімізге жұмсалады. Бір қуанарлығы көмектесетін жандар көп. Азық-түлігімізді жеткізіп, керек-жарағымызды түгендеп отырады. Соған рахмет.

Қос қарияның көмекшілері әзірге тек еріктілер ғана. Соның бірі Надежда Медынцева.Күнделікті қажетті заттарын жеткізіп беріп жүрген. Бірақ құжаты жоқ екенін жақында білдік дейді.

Надежда Медынцева, ерікті:

Екеуін 3 айға демалыс орнына апарғымыз келген. Бірақ Юрийдің қолында еш құжаты жоқ екенін білдік. Кейін қаладағы Иван есімді әріптесіміз Халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, қайта қалпына келтіруге әрекет  етті. Еш мәлімет анықталмағандықтан, нәтиже болмады.

Қарасай аудандық әкімдігі қарияның тағдырынан хабардар. Олар құжат жасау үшін барлық мекемелерге хат жібердік дейді. Жауап келсе мейлінше тезірек құжатын да, басқа да қажетін шешіп беруге тырысамыз деп отыр.

Бақдаулет Талипов, Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

Мекемелер өздерінің барлық көмегін көрсету үстінде. Мейлінше көмектесеміз деп тырысуда. + Ол кісінің өзінен сұрағанымызда тек әлеуметтік жағынан көмектесіп, кішкене көңіл бөлсе деген шағымы бар. Сонда бірге тұратын немере қызы бар. Сол кісімен қалалық әкімдікке барса, пәтерге кезекке тұруға қалалық қызметкерлер көмектесеміз деп отыр.

Қарияның қолында қазір 2012-ші жылы алған анықтама ғана бар. Яғни, сол кезде тұрған үйі өртеніп, Кеңес Одағындағы қызыл куәлігінен айырылған деп көрсетіліпті.

Олжас НҰРЖАҚЫП