Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Теміртауда «Алтын бесік» саяхат қалашығы ашылды

AstanaTV
13.06.2018ж. 20:00
3464
Теміртауда «Алтын бесік» саяхат қалашығы ашылды

Теміртауда жазғы демалысқа орай «Алтын бесік» саяхат қалашығы ашылды. Тарихи-өлкетану мұражайының алаңындағы ойын түріндегі көрме ел тарихынан сыр шертеді. Ежелгі салт-дәстүріміз мен көне мұрамызды қазіргі ұрпаққа жаңа форматта жеткізген. Мәдени алаңды әріптесім Айжан Қуаш тамашалап қайтты.

Еліміздің көне кесенелері мен туристік мекендерін мұражайшылар балаларға осылай таныстырды. Интеллектуалдық - танымдық ойындар бүлдіршіндердің туған жер тарихына қызығушылығын арттырады, - дейді мамандар.

Лейла Әбікеева, Теміртау қалалық тарихи- өлкетану мұражайы директорының орынбасары:

Жыл сайын тақырып өзгеріп отырады. Биыл Астанамыздың 20 жылдығы, Қазақстан елімізге арналып отыр. Мұндай форматта өткізу, қазіргі интернет заманында адамдарды қызықтыру қиын ғой. Сондықтан да осындай бір форма, балаларға ұнайды.

Ал мынау - Қоянды жәрмеңкесінің баламасы. Онда балалар ақшамен емес, малмен саудаласып үйренді.

Әйгерім Муфтлаева:

Бұрынғы заманда адамдарда ақша болмағандықтан заттармен айырбастаған. Мысалы, бір қой 20 мың тұрғандықтан самауырынды 15 мыңға, қалғанына басқа заттарды алуға болады. Бұл ыңғайсыздау, қазіргі ақшамен саудаласқан ыңғайлырақ.

«Алтын бесік» қалашығында осы секілді 12 танымдық, шығармашылық, ойын- сауық алаңдары бар. Көркемсурет, көне жәдігерлер көрмесі де ашылған. Құпия жәшіктердегі бұйымдар тарихын мамандар айтып береді. Оларға бүгін мектеп жанындағы жазғы лагерлерден мыңнан астам оқушы келіп көңіл көтеріп қайтты.

Ердос Бердімұрат:

Бұл жер маған қатты ұнады. Өйткені біз бұл жерде арқан тартыстық, сурет салдық, боядық, жұмбақтарды шештік. Қазақстанның әдемі жерлерін қарадық.

Туған жер тарихымен танысып, білімдерін жетілдірген соң балалар достық үйін безендіреді. Әркімнің қолтаңбасы бар киіз үй Қазақстан балаларының бірлігін білдіреді.

Айжан Қуаш, тілші:

Мұражай қалашығында зәулім «Тілек ағашы» орналасқан. Балалардың әрқайсы матаға өз тілектерін жазып, оған ақтық ілді және бұл тілектерінің орындалатынына сенеді.

Айжан ҚУАШ