Қостанайдағы
мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында дүрбелең басылмады. Аймақ
тұрғындары жаппай жүргізуші куәліктерін ауыстыруға кіріскен. Осының салдарынан
кешелі-бері орталықтағы адам қарасы екі есеге артыпты.
Александр Кофтын:
Жүргізуші
куәлігімнің қолданылу мерзімі бір айдан соң бітеді. Бірақ ертерек келіп
ауыстырып алғанды жөн көрдім. Бірінші лекке ілеспей қалдым. Екінші рет келіп
отырмын. Біздің адамдар заң білгіш қой, әйтеуір. Қаптап кетті. Адам көп. Ұзақ
күтіп отырасың. Әйтпесе тез ауыстырып береді екен.
Қостанайдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері көлік жүргізушілердің бұлай дүрлігуінің себебін түсіндірді. Айтуларынша, ІІМ енгізген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, енді жүргізуші куәлігін ауыстыру кезінде медициналық анықтама талап етілмейді. Осы өзгерісті қостанайлықтар бір реттік акция деп қабылдаса керек. Орталық қызметкерлері оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандарын айтты.
Владислав Комаров, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары:
Олар «уақытша, қысқа мерзімді» акция деп ойлаған болар. Бірақ заң күшіне енді. Алдағы уақытта дәл қазіргі құжаттар тізімі бойынша қолдану мерзімі өтпеген жүргізуші куәліктері ауыстырылады. Сонымен қатар аудан орталықтарындағы ішкі істер бөлімдерінде ауыстыруға болатындығын айтқым келеді.