Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Таразда бірнеше көп пәтерлі үйдің тұрғындары аулаға монша салынуына қарсы

AstanaTV
14.06.2018ж. 20:00
3395
Таразда бірнеше көп пәтерлі үйдің тұрғындары аулаға монша салынуына қарсы

Таразда бірнеше көп пәтерлі үйдің тұрғындары аулада монша салуға қарсы. Айтуларынша, ат шаптырым ауладағы балалар алаңқайы құрылыс алаңына айналған. Жазғы каникулға шыққан 800-дей бала ойнайтын алаң аумағы тарылады деп алаңдаған жұрт жерді берген жергілікті билікке өкпелі. Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдап келді. 

8 соттық жер 800 баланың бой жазуына кедергі боп тұр деген көпшілік жаппай жиналды. Талаптарын тыңдатпақ болған тұрғындар 10-шы шағын аудандағы 27, 28, 29 және 30 үйде тұрады. Олар 2 жылдан бері монша салуына қарсылық білдіріп келеді. Онсыз да тар ауладан жекенің қолына жергілікті билік жер берді деп наразы. 

Жаңыл Сегізбаева, Тараз қаласының тұрғыны:

Балалар алаңқайын бергіміз келмейді және соны бермейміз де. 40 жыл болған балалардың ойнайтын алаңына монша құрамыз деп жатыр. 50 адам қол қойып хат жазғанбыз облыс, Тараз қаласы әкіміне. Олардан ешқандай сөз ала алмай жатырмыз. Енді қайда барамыз?

Күләш Сәденбекова, Тараз қаласының тұрғыны:

Мына жерде әр үйден 800 баладай бар. Менің өзімде 5 немерем бар. Менің подъезімде әр үйде 4-5 немереден бар. Әнекей анау жердің бәрін сүріп тастады. Анау футбол ойнайтын жер әнекей. Сүріп тастау деген не ол алақандай жерді. Балалар қайда онайды? Ойнайтын жер жоқ.

Ал футбол алаңындағы қақпалары құлатылып, құрылыс орнына қоршау қойылған. Монша саламын деп жүрген кәсіпкердің заңгерімін деп таныстырған мына жігіт бәрі заңды деді. Ал балалар үшін шағын алаңқай салынатынын айтты. 

Халықтан қандай құқығыңызды бұзып, құрылыс салып жатырмыз десек, жауап бере алмады. Біз сауықтыру орталығын саламыз.  Онда монша ғана емес, сұлулық салоны, жаттығу залы және дүкен болады.  Осы үшін «Даму» қорынан  40 млн теңге несие алдық. Осы екі айдың ішінде 1 млн 200 мың теңге несие төледік. Бірақ құрылыс әлі басталған жоқ. Яғни біз  шығынға батып жатырмыз. Тұрғындар бізді балағаттап, түсінгісі келмейді.  Барлық құжатымыз тексерілген.

Жергілікті әкімдіктің жанындағы жер қатынастары бөлімі де кәсіпкердің жеке бизнес үшін жер алғанын растады. Ол қандай нысан салса да қалау өзінікі деп отыр. 

Гаухар Жолдыбаев, Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы:

Дау болып жатқан жер телімін 2014 жылғы 31 наурыздағы келісімшартқа сәйкес, азаматша Карима Қылышбекова сатып алған. Барлық құжаттары заңды. Жер учаскесі кондоминиумнің объектісіне кірмегендіктен, жергілікті тұрғындардан келісім алынбаған. Ол жерге кез-келген құрылыс пен ғимараттар соғуға рұқсат етіліп отыр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жер телімі алғаш 2007 жылы аукцион арқылы сатылған. Оны аукционда алған адам қазіргі қожайынның қолына 2 жыл бұрын сатып кетіпті. Барлық құжаты бар кәсіпкер өкілі құрылыс қалай да қарқын алатынын айтты. Сауықтыру кешенін келесі жылдың шілдесінде бітірмек. Ал, тұрғындар құрылысты түбегейлі тоқтату үшін Астанаға дейін барамыз деп отыр. Заңгер жер иесі де, жұмысына кедергі келтірді деп, тұрғындар үстінен арыз жазуға дайын екенін айтты.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ